
«Қазақмыс» кәсіпорындарындағы медициналық пункттер жаңартыла бастады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Компания 38 медпунктті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 100 млн теңгеден астам қаржы бөлген.
Енді өндіріс орындарындағы медицина қызметкерлері жұмысшылардың жағдайын жедел бағалап, қажет болған жағдайда алғашқы және шұғыл көмек көрсетуге қажетті құралдардың барлығына жақын болады.
Медпункттерге портативті дефибрилляторлар, ЭКГ аппараттары, оттегі баллондары, зембілдер, иммобилизациялық шиналар, тасымалдауға арналған қалқандар және күйік кезінде қолданылатын арнайы жиынтықтар жеткізілді.
Атап айтқанда, 35 портативті дефибриллятор, 35 ЭКГ аппараты, 20 тасымалдау қалқаны, 52 иммобилизациялық шина жиынтығы және 37 күйікке қарсы жиынтық сатып алынған. Сонымен бірге барлық 38 медициналық пункт медициналық тоңазытқышпен жабдықталды.
Компанияның мәліметінше, медпункттердің барлығы өндіріс ерекшеліктері мен төтенше жағдайда көмек көрсету талаптары ескерілген бірыңғай стандартқа көшіріледі. Бұл әр кәсіпорындағы медициналық көмектің деңгейін біріздендіріп, оқыс жағдай кезінде жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді.
Мұнда жабдықпен қатар медицина мамандарының дайындығына да мән беріліп отыр. Медициналық пункттерде білікті қызметкерлер жұмыс істейді, олар шұғыл көмек көрсету бойынша оқудан өтіп, дағдыларын тұрақты жетілдіреді.
«Өндірістегі медицина қызметкерінің басты міндеті – қажетті көмекті кез келген уақытта жедел көрсетуге дайын болу. Төтенше жағдайда әр минут маңызды», – деді «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС директоры Дәурен Аманқұлов.
Компанияның айтуынша, медициналық пункттерді жаңарту – жұмысшыларға көрсетілетін медициналық көмекті жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді бағдарламаның бір бөлігі. Медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.



