
«Қазақмыс» компаниясында Кеншілер мен байытушылар күніне орай ұйымдастырылған Жазғы спартакиада – 2026 аяқталды. 24-26 тамыз аралығында өткен спорттық жарыстарға кәсіпорындар мен құрылымдық бөлімшелерден 400-ге жуық қызметкер қатысты, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.
Үш күнге созылған жарыс бағдарламасына барлығы жеті спорт түрі енгізілді. Командалық сайыстарда қызметкерлер футбол, волейбол және баскетболдан бақ сынады. Ал жеке есептегі жарыстар үстел теннисі, шахмат, қол күресі және жүзу бойынша ұйымдастырылды.
Спартакиада компанияның әртүрлі кәсіпорындарында өткен іріктеу кезеңдерінің жалғасы болды. Финалдық кезеңде үздік нәтижеге қол жеткізген спортшылар мен командалар өзара шеберліктерін сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша өткен марапаттау рәсімінде «Қазақмыс» Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысушыларды құттықтап, қызметкерлердің спортқа деген қызығушылығы мен командалық бірлігін атап өтті.
Оның айтуынша, жарыстағы нәтижелер тұрақты дайындықтың, табандылықтың және командалық жұмыстың нәтижесін көрсетті. Ол спортшыларға белсенді қатысқаны, бәсекеде жоғары дайындық танытқаны және қарсыластарына құрметпен қарағаны үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да жаңа жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірді.
Спартакиада компания қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, ұжымдық байланысты нығайтып, командалық рухты арттыруға бағытталған корпоративтік спорттық бастамалардың бірі болды.



