Жаңалықтар

«Қазақмыс» Кеншілер мен байытушылар күніне орай Сәтбаев қаласына мурал тарту етті

Кеншілер мен байытушылардың кәсіби мерекесіне орай «Қазақмыс» корпорациясы Сәтбаев қаласының тұрғындарына жаңа көркем нысан сыйлады. Қаладағы ғимараттардың бірінің қабырғасында қазақтың белгілі ғалымы, академик әрі геолог Қаныш Сәтбаевтың бейнесі салынған мурал пайда болды, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.

Жаңа мурал тау-кен металлургия саласының мамандарына деген құрметті білдіретін символдық нысан ретінде жасалған. Сонымен қатар туынды Жезқазған өңірінің тарихы мен тау-кен өндірісінің қалыптасуына үлес қосқан тұлғалардың еңбегін дәріптеуге бағытталған.

Қаныш Сәтбаевтың бейнесін таңдау да тарихи тұрғыдан маңызды. Ғалымның зерттеулері Қазақстанның минералдық ресурстарын зерделеуге, соның ішінде Жезқазған кенді өңірінің ғылыми тұрғыда зерттеліп, дамуына үлкен үлес қосты.

Мурал арқылы геологиялық барлау жұмыстарын жүргізген алғашқы мамандардан бастап қазіргі кеншілер, байытушылар мен металлургтерге дейінгі еңбек сабақтастығы көрсетілген. Осылайша көркем туынды өңірдің өндірістік тарихын қазіргі қалалық ортамен байланыстырады.

Қазақ геологиясының қалыптасуында айрықша орны бар Қаныш Сәтбаевтың бейнесі арқылы компания ғалымның мұрасын жалғастырып келе жатқан қала тұрғындарына, кәсіпорын қызметкерлеріне және тау-кен саласының ардагерлеріне деген алғысын білдірді.

Жаңа мурал жас ұрпаққа өңір тарихындағы маңызды тұлғалар туралы мағлұмат беріп, білімнің, ғылымның және адал еңбектің қоғам дамуындағы рөлін насихаттайтын мәдени нысанға айналмақ.

Сәтбаев үшін тау-кен өнеркәсібінің маңызы экономикалық көрсеткіштермен ғана шектелмейді. Өндіріс қаланың қалыптасу тарихымен тығыз байланысты, мұнда кеншілік кәсіпті ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келе жатқан еңбек әулеттері бар. Сондықтан кенші мен байытушы мамандықтары қала тұрғындары арасында ерекше құрметке ие.

«Қазақмыс» өзі жұмыс істейтін өңірлердің қоғамдық кеңістігін дамытуға, тарихи мұраны сақтауға және мәдени бастамаларды қолдауға бағытталған жобаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Компания жаңа муралдың Сәтбаев қаласының танымал нысандарының біріне айналып, тұрғындар мен қала қонақтарының назарын аударатын орын болады деп күтеді.

Компания Кеншілер мен байытушылар күнімен тау-кен металлургия саласының барлық қызметкерлерін, сала ардагерлері мен еңбек ұжымдарын құттықтап, зор денсаулық, амандық, қауіпсіз еңбек және жаңа кәсіби жетістіктер тіледі.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button