
«Қазақмыс» Shatyrkol-Jaysan Tau-ken ondirisi өндірістік базасы мен әлеуметтік-тұрмыстық нысандарын жаңартуға 295,8 млн теңге инвестициялады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қаражаттың негізгі бөлігі жаңа техника мен автокөлік алуға жұмсалды. Шатыркөл байыту фабрикасының паркі жалпы құны 256,6 млн теңгені құрайтын жеті техникамен толықты. Олардың қатарында экскаватор-тиегіш, екі айырлы жүк тиегіш, автокран және Toyota Hilux бар. Ал екі Foton Tunland автокөлігі кәсіпорынға кейінірек жеткізіледі.
Сонымен қатар 39,2 млн теңгеге өндіріс аумағындағы бірқатар ғимарат жөнделіп жатыр. Әкімшілік-тұрмыстық корпус, медициналық пункт, кір жуатын орын, тамақтану және шеберлер бөлмелері, сондай-ақ жатақханадағы бөлмелер жаңартылуда.
Компанияның мәліметінше, бұл жұмыстар өндірістің материалдық-техникалық базасын күшейтіп қана қоймай, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жаңғырту жұмыстары «Қазақмыстың» өндірістік активтер мен әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту бағдарламасы аясында жүргізілуде. 2026 жылы компания әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы 80-нен астам нысанды жаңғыртуға 2,4 млрд теңге бөлген.



