
Қазақстан Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75%-дан 16,25%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Мөлшерлеме +/-1 пайыздық тармақ дәлізінде белгіленді.
Шешімге елдегі инфляция қарқынының баяулауы әсер еткен. Тамызда жылдық инфляция 9,8%-ға дейін төмендеп, дезинфляциялық процесс қатарынан 11 ай жалғасты.
Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі 11,4%-ға, ал сервистік инфляция 8,9%-ға дейін баяулаған.
Ұлттық банк 2026 жылы инфляция 9-11% аралығында болады деп күтеді. Ал 2027 жылға болжам 6,5-8,5%-ға дейін қайта қаралды.
Реттеуші бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның динамикасына, ішкі сұранысқа, халықтың инфляциялық күтулеріне және тарифтер мен отын бағасының өзгеруіне қарай қабылданатынын атап өтті.



