Қазақстанда алдағы демалыс күндері жылы әрі көбіне жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Синоптиктердің болжамынша, 5–7 қыркүйек аралығында ел аумағының басым бөлігінде жоғары атмосфералық қысымның әсерінен күн ашық болып, жауын-шашын күтілмейді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Сонымен қатар, атмосфералық фронттардың ықпалынан еліміздің батысында, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында кей жерлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Жекелеген өңірлерде желдің күшеюі болжанып отыр.
Мамандардың мәліметінше, Қазақстанның басым бөлігінде жазға тән жылы ауа райы сақталады. Алайда шығыс аймақтарда және оңтүстік-шығыстың таулы өңірлерінде түнгі уақытта ауа температурасы төмендеп, салқын болуы ықтимал.
Күндіз батыс, солтүстік және орталық өңірлерде ауа температурасы +25…+33 градусқа дейін көтеріледі. Шығыста +20…+25 градус, оңтүстікте +28…+37 градус, ал оңтүстік-шығыста +20…+30 градус аралығында болады. Таулы және тау бөктеріндегі аудандарда +10…+20 градус шамасында сақталады.


