Соңғы уақытта интернетте өзін «емші» немесе «көріпкел» деп таныстыратын алаяқтар көбейіп кеткен. Алаяқтар адамның қорқынышы мен алаңлаушылығын пайдалану арқылы пайда көреді, дейді Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Негізінен алаяқтар әлеуметтік желі арқылы адамның сенімін шақырып, «ауруды жеңуге» немесе «дуадан шығаруға» деген сияқты қызметтер ұсынып, ақша талап етеді немесе белгілі бір заттарды сатып алуды сұрайды.
Полиция ескертеді:
— интернеттегі бейтаныс адамдардың “емдеп жазу”, “көз тиюден арылту” туралы уәделеріне сенбеңіз;
— таныс емес адамдардың есепшоттарына ақша аудармаңыз;
— жеке деректеріңізді, банк карталарының деректемелерін және SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге хабарламаңыз;
— қорқыныш пен дүрбелеңге бой алдырмай, алынған ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеріңіз;
— күмәнді жағдайға тап болсаңыз, хат алмасу тарихын және ақша аударылғаны туралы түбіртектерді сақтап қойыңыз.
Есте сақтаңыз: алаяқтар адамдардың сенімін, қорқынышы мен алаңдаушылығын пайдаланады. Егер сізден осындай жолмен ақша талап етсе немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз, бұл туралы дереу “102” нөміріне хабарлаңыз.


