Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Щучинсктегі дәмхана жарылысы: кінәлілер 6 және 7 жылдан сотталды

Щучинскте 12 адамның өмірін қиған дәмханадағы газ жарылысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Қайғылы оқиға бойынша үш адам бас бостандығынан айырылды.

Дәмхананы жалға алған азамат өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 7 жылға сотталды. Сот оның әрекеті екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелгенін ескерген. Бұған қоса, оған үш жыл бойы қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.

Автогаз құю станциясының директоры да 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін қызмет көрсетіп, соның салдарынан адам өліміне жол берген деп танылды.

Ал дәмханаға газ баллондарын жеткізген азамат 6 жылға сотталды.

Сот сондай-ақ қаза болғандар мен зардап шеккендердің әрқайсысына өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады.

Еске салайық, биыл ақпанда Щучинсктегі дәмханалардың бірінде газ жарылып, ғимаратта өрт шыққан.

Қайғылы оқиғадан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам зардап шеккен.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button