Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Тиімді несие» ұсынып, ақшаны аз аударған: Алматыда алаяқтар ұсталды

Алматыда азаматтарға интернет арқылы тиімді несие ұсынып, кейін уәде етілгеннен әлдеқайда аз ақша аударған күдікті топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер Alemcredit.com интернет-ресурсы арқылы азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит беруге уәде еткен. Клиенттер әлеуметтік желілердегі жарнамалар арқылы тартылған.

Несие рәсімдеу кезінде азаматтардан жеке басын растау, дербес мәліметтерін ұсыну және электронды құжаттарға қол қою талап етілген. Алайда құжаттарға қол қойылғаннан кейін жағдай өзгере бастаған.

Агенттік мәліметінше, қарыз алушылардың шотына бастапқыда уәде етілген сомадан әлдеқайда аз ақша түскен. Қаражаттың бір бөлігі клиенттерге алдын ала айтылмаған комиссиялар мен басқа да төлемдерге ұсталып отырған.

Бұған қоса, несие рәсімделмей тұрып оның нақты құны, артық төлем, сыйақы мен айыппұлдар туралы толық ақпарат берілмеген.

Ал қарызды қайтару кезінде ақша үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары арқылы аударылған.

Тергеу барысында онлайн платформаның артында жай ғана сайт емес, заңды тұлғалар, телекоммуникациялық ресурстар мен түрлі техникалық құралдардан тұратын ауқымды инфрақұрылым тұрғаны анықталған.

Тінту кезінде жаппай SMS жіберуге арналған SIM-бокстар мен көп мөлшердегі SIM-карталар тәркіленді.

Қазір аталған іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Күдіктілердің нақты саны мен келтірілген залал көлемі әзірге хабарланған жоқ.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button