
Алматыда 5 жастағы бала бірнеше магнит жұтып қойғаннан кейін күрделі операцияға түсті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Магниттердің ұзақ уақыт асқазан-ішек жолында болуы сирек кездесетін қауіпті асқынуға әкелген.
№2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері операция кезінде асқазан мен аш ішек арасында патологиялық байланыс – магниттік жыланкөз пайда болғанын анықтады. Асқазандағы бір магнит пен аш ішектегі екі магнит бір-біріне қатты тартылып, мүшелердің қабырғаларын зақымдаған.
Бастапқыда ота лапароскопиялық әдіспен жасалмақ болған. Алайда зақымданудың сипаты анықталған соң хирургтар ашық операцияға көшкен. Мамандар жыланкөзді жойып, үш магнитті де алып тастаған. Зақымданған тіндер алынып, мүшелер қалпына келтірілген.
Операция сәтті өтіп, баланың жағдайы жақсарған. Ауруханадан шығарылған кезде оның жағдайы қанағаттанарлық болған.
Дәрігерлер бірнеше магнитті қатар жұту ойық жара, ішек қабырғасының тесілуі, жыланкөз, ішек өтімсіздігі және перитонит сияқты өмірге қауіпті асқынуларға соқтыруы мүмкін екенін ескертеді.
Мамандар ата-аналарға бала магнит жұтып қойған болуы мүмкін деген күдік болса да, уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.



