Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Астанада балабақшада бала жарақат алды: ата-ана қызметкерді айыптады

Баланың анасы қызын балабақша қызметкері ұрғанын айтса, мекеме өкілі оның ойын кезінде құлағанын мәлімдеді. Қазір оқиғаға қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.

Астанадағы жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиеленіп жүрген қыздың жарақат алуына қатысты дау шықты. Баланың анасы әлеуметтік желіде балабақша қызметкері қызын ұрып-соққанын айтып, оның бетіндегі жарақаттың суретін жариялаған, дейді Qandastar.kz сайты.

Ата-ананың мәліметінше, оқиға «Сова» жекеменшік балабақшасында болған. Ол баласын мекеме қызметкерлеріне сеніп тапсырғанын айтып, оқиғаға алаңдаушылық білдірді.

Аталған жағдайға байланысты балабақша әкімшілігі қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Мекеме қызметкерінің айтуынша, бала ойын кезінде құлап, жарақат алған. Алайда тексеру аяқталмағандықтан, оқиғаның нақты себебі әзірге анықталған жоқ.

Балабақша әкімшілігі бейнебақылау жүйесінде техникалық ақау болғанын растады. Мекеме өкілдерінің мәліметінше, камералардың жұмыс істемеуіне қатысты ақау және оны жою жолдары көрсетілген тиісті акт бар.

Әкімшілік тексеру қорытындысы шыққаннан кейін оқиғаның барлық мән-жайына қатысты қосымша түсініктеме берілетінін хабарлады. Сондай-ақ баланың жеке деректері мен оны анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтер құпиялылық талаптарына байланысты жарияланбайтынын атап өтті.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button