
ШҚО-да 2 балдық жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
6 қыркүйекте Астана уақытымен сағат 23:08-де Қазақстан аумағында жер сілкінісі тіркелді.
Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Сейсмикалық станциялар желісінің мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 875 шақырым жерде орналасқан. Ошақтың координаттары — 49,167° солтүстік ендік және 84,417° шығыс бойлық.
Жер сілкінісінің есептік қарқындылығы Шығыс Қазақстан облысының Үлкен-Нарын ауылында 2 баллды құрады.
ТЖМ жер сілкінісі кезінде тұрғындарды сабыр сақтауға шақырады. Дүмпу кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбау, терезелер мен жиһаздардан алыс тұру қажет. Жоғарғы қабаттарда негізгі іргелі қабырғалардың бұрыштарына жасырынған дұрыс.
Жер сілкінісі аяқталғаннан кейін ғимараттан қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып шығу, мүмкіндік болса су, газ және электр қуатын өшіру ұсынылады. Сондай-ақ электр желілерінен, ғимараттар мен ағаштардан алыс болған жөн.
Құтқарушылар төтенше жағдайға алдын ала дайындалып, қажетті заттар салынған дабыл сөмкесін әзірлеуге кеңес береді. Дүмпу кезінде балаларға, қарттарға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсету қажет.



