
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы нәтижесімен құттықтады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өткен халықаралық додаға 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты.
Қазақстан құрамасы жарысты 74 медальмен аяқтады. Спортшылар 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде жеңіп алды.
Қазақстандықтар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату және ат жарысы секілді ұлттық спорт түрлерінен жеңіс тұғырынан көрінді.
Президент спортшылардың жоғары нәтижеге табандылық, қажырлы еңбек және мықты ерік-жігердің арқасында жеткенін атап өтті. Ол чемпиондар мен жүлдегерлерге, бапкерлерге және жарысқа атсалысқан мамандарға ризашылығын білдірді.
Тоқаевтың айтуынша, мұндай жетістіктер Қазақстанның ұлттық спорт түрлері дамыған ел ретіндегі халықаралық беделін нығайта түседі. Мемлекет басшысы спортшыларға алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындыруды тіледі.



