
Алматы облысында аумағы 110 гектарға жуық жерді шарпыған өрт толығымен сөндірілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Өрт Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұрлы ауылынан шамамен 20 шақырым жерде, Іле өзенінің маңындағы ашық аумақта шыққан.
Құрғақ шөп пен қамыс лап етіп жанған.
Өртті ауыздықтау оңай болмаған. Өйткені аумақ батпақты, ал оқиға орнына апаратын жол болмаған. Сондықтан мамандар ауыр техника мен өрт сөндіру көліктері жетуі үшін арнайы кірме жол салуға мәжбүр болған.
Өртпен күреске 90-ға жуық адам, 30-дан астам техника және екі тікұшақ тартылды. «Қазавиаспас» тікұшақтары жалынға жоғарыдан 55 рет су төккен.
Оқиға орнында ТЖМ құтқарушылары, Шелек орман шаруашылығының мамандары мен әуе экипаждары жұмыс істеді.
Қуантатыны — зардап шеккендер жоқ.
Өрттің аумағы толық бақылауға алынып, жалын түгел сөндірілді.



