
Мектеп психологтары енді негізгі жұмысынан бөлек сабақ беріп, жалақысына қосымша ақы ала алады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Үкіметтегі брифинг кезінде журналистер мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың еңбекақысына қатысты мәселе көтерді. Атап айтқанда, мамандардың жалақысы төмен екені айтылды.
Министр бұл мәселенің бар екенін растады. Оның айтуынша, әлеуметтік педагогтардың жалақысы қазір 118 мың теңгені құрайды. Ал мамандардың еңбекақысын арттыру мәселесі министрліктің бақылауында.
Сүлейменова жалақыны өзгерту үшін бірқатар мемлекеттік органның келісімі қажет екенін атап өтті. Министрлік бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып жатыр.
Сонымен қатар психологтар үшін биыл қосымша табыс табудың мүмкіндігі пайда болды. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізілді. Оны педагог-психологтар жүргізе алады.
Министрдің айтуынша, бұл үшін маманның педагог-психолог біліктілігі ғана емес, сабақ беру тәжірибесі де болуы керек.
Осылайша психологтар аталған курстан қосымша сағат алып, негізгі жалақысына үстеме ақы қоса алады.
Жұлдыз Сүлейменова бұл өзгеріс мектеп психологтарының еңбекақысын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.



