
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Кездесуде қаржы нарығының биылғы сегіз айдағы жұмысы және алдағы міндеттер талқыланды.
Мәдина Әбілқасымова Президентке жаңа банк заңнамасын іске асыру барысын баяндады. Оның айтуынша, заңға тәуелді актілер толығымен жаңартылып, 80 нормативтік-құқықтық акт қабылданған.
Жыл басынан бері банктердің активтері 6,9 пайызға өсіп, 75,6 триллион теңгеге жеткен. Ал банк капиталының жеткіліктілігі 20,7 пайызды құрады.
Қаржы ұйымдарын қадағалау бағытында да бірқатар шара қабылданған. Сегіз айда қаржы секторы субъектілеріне 279 инспекторлық тексеру жүргізіліп, 190 қадағалау шарасы қолданылған. Жалпы сомасы 465 миллион теңге айыппұл салынған.
Сонымен қатар микроқаржы және коллекторлық нарықтағы талаптарды бұзған ұйымдарға қатысты шаралар күшейтілген. 13 субъект лицензиясынан айырылып, алты ұйымның лицензиясы уақытша тоқтатылды. Бұған қоса төрт коллекторлық агенттік тиісті тізілімнен шығарылған.
Кездесуде экономиканы қаржыландыру мәселесіне де басымдық берілді.
Бизнеске берілген кредит көлемі 3,5 пайызға өсіп, 16 триллион теңгеге жеткен. Ал кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредиттер жыл басынан бері 19,1 пайызға артып, 12,5 триллион теңгені құрады.
Агенттік өкілінің айтуынша, халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеуге бағытталған шаралар да нәтиже бере бастаған. Жеті айдың қорытындысы бойынша тұтынушылық кредиттің өсімі 4,6 пайызға дейін баяулаған.
Шілде айынан бастап мерзімі өткен берешекті ұжымдық реттеуге арналған Finkelisimkz платформасы жұмысын бастады. Ал жыл соңына дейін азаматтардың қаржы ұйымдарына қатысты шағымдарын қарауға арналған Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі іске қосылады.
Кездесуде капитал және сақтандыру нарығын дамыту мәселелері де қаралды. Агенттік 2030 жылға дейінгі даму бағдарламаларын және «Капитал нарығы туралы», «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобаларын әзірлеу жөніндегі тапсырмалардың орындалуы туралы есеп берді.
Сонымен қатар қаржы секторын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінген.
Агенттік жасанды интеллект негізінде FinAI бірыңғай қадағалау платформасын әзірлеген. Жыл соңына дейін қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы дайындалмақ. Онда ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғаудың бірыңғай тәсілдері қарастырылады.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы секторында жасанды интеллектіні кеңінен қолдану, нақты секторды кредиттеуді арттыру, сондай-ақ капитал және сақтандыру нарықтарын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.



