Жаңалықтар
COVID-19: Еліміздегі модульдік ауруханалар қалай жұмыс істеп тұр
COVID-19 пандемиясы кезінде жылдам салынған модульдік ауруханалар мен жұқпалы аурулар орталықтары қалай жұмыс істеп тұр? Сауалдың жауабын Денсаулық сақтау министрлігінен сұрап көрген едік.
2020 жылдың наурызында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустық инфекция пандемиясын жариялады. ҚР Үкіметі Денсаулық сақтау жүйесінің резервтік қуатын кеңейту және COVID-19 індетімен күресте шұғыл көмек көрсету үшін жаңа медициналық мекемелерді жедел тұрғызу қажеттігі туралы шешім қабылдады. Осылайша еліміздің ірі қалаларында 16 модульдік аурухана салынды.
Ауруханалар мен орталықтар заманауи компьютерлік томография, рентген, ультрадыбыстық аппараттармен, қуатты зертханамен және тағы басқа медициналық құралдармен жабдықталды. Бұған дейін Алматыда 300 орындық ең қуатты жылдам салынатын модульдік аурухананың пайдалану мерзімі 50 жылға жететіні туралы хабарланған еді.
Жалпы алғанда Алматыда екі медициналық мекеме, ал Астана, Көкшетау, Атырау, Құлсары, Талдықорған, Орал, Қостанай, Қызылорда, Ақтау, Павлодар, Петропавл, Жезқазған, Түркістан және Шымкент қаласында бір аурухана (орталық) салынды.
Коронавирус қаупінің беті қайтқан соң орындар босады, сондықтан тез салынатын модульдік ауруханалар мен орталықтардың көпшілігі қалалық медициналық мекемелерге берілді. Денсаулық сақтау министрлігі кезінде жедел салынған 16 аурухананың тек екеуі, яғни Атырау мен Құлсары қаласындағы аурухана уақытша жабылғанын хабарлап отыр.
Көкшетауда аурухана 42 инфекциялық және 46 паллиативтік төсекке ауыстырылған, қазір «Көкшетау көпсалалы қалалық ауруханасы» МКК инфекциялық аурулар орталығы деп аталады.
Талдықорғанда аурухана облыстық инфекциялық аурухана ретінде жұмыс істеп тұр.
Орал қаласында салынған аурухана бүгінде қызылшамен ауыратын науқастарға арналған 100 инфекциялық төсек-жайға, бронх-өкпе аурулары бар науқастарға арналған 50 оңалту орнына, төтенше жағдай кезінде 30 карантиндік және 20 төсек-жайға ауыстырылған.
Қостанайда жұқпалы аурулар ауруханасын орналастыруға арналған модульдік кешен «Қостанай облыстық балалар ауруханасы» КМК-ге уақытша пайдалануға берілді. Толық қуатта жұмыс істейді.
Қызылордадағы жылдам салынатын модульдік аурухана «Қызылорда облыстық онкологиялық орталығы» ШЖҚ КМК балансына берілді. Орталықтың қуаты 205 төсекке дейін ұлғайтылды.
Ақтаудағы модульдік аурухана «Маңғыстау облыстық көпбейінді аурухана» ШЖҚ МКК балансына берілгелі жатыр.
Павлодардағы модульдік аурухана «Ғ. Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасы» КМК инфекциялық бөлімшесі ретінде жұмыс істейді.
Петропавлдағы «облыстық фтизиопульмонология орталығы» ШЖҚ КМК модульдік ауруханасы «бірінші қалалық аурухана» ШЖҚ КМК және «көпбейінді облыстық балалар ауруханасы» ШЖҚ КМК балансына берілді. Толық қуатта жұмыс істейді.
Түркістандағы 200 төсек-орны бар жылдам салынған модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы қалалық ауруханаға айналды.
«Жезқазған қаласының облыстық көпсалалы ауруханасы» ШЖҚ КМК-ға жататын Жезқазған ауруханасы 35 төсек-орын инфекциялық орталығы 15 төсек-жай тері-венерологиялық бөлімше және 33 төсек-орны педиатриялық бөлімше ретінде жұмыс істеуде.
Алматыда қуаты 280 және 300 болатын екі жылдам салынатын модульдік инфекциялық аурухана Алматы ДСБ «МГКИБ» ШЖҚ КМК балансында. Екеуіде толық қуатта жұмыс істейді.
Астанадағы қалалық инфекциялық орталық Астана қаласы әкімдігінің «көпсалалы медициналық орталық» ШЖҚ МКК балансына берілді және паллиативтік бөлімше режимінде жұмыс істейді.
Шымкенттегі «Асар» модульдік инфекциялық орталығы қайта қаралып, «қалалық балалар клиникалық ауруханасы» ШЖҚ МКК балансына берілді. Қазір онда балаларға арналған соматикалық төсек-жай орналастырылған.