Білім

Аятжан Ахметжан: Биліктің беті қазақ тіліне бұрылмай, мектептің беті бері бұрылмайды

Фото: kaz.nur.kz

«QazBilim» жобаларының авторы Аятжан Ахметжан әлеуметтік желіде Астанадағы 66 жекеменшік мектептің бесеуі ғана қазақ тілінде білім беретінін айтып, наразылығын білдірген еді. 

«Тәуелсіздік алғанда қазақ мектептері қайта түледі. 2016 жылға дейін қазақ сыныбына барған балалар саны өсті. Бірақ 2017 жылдан бастап бұл үрдіс кілт бұзылды. Оған үштілділік саясаты, латын қарпіне көшу бастамасы, биліктің жалтақтығы мен немқұрайлылығы сынды әр алуан себеп бар. 2021 жылы тіпті ел бойынша ең төменгі көрсеткішке жетіп үлгерді. Жан-жақтан дабыл қақтық. 2022 жылы Астананың бір мектебінде «орыс сыныбын ашпасаң, Путинге айтамын» деген ақымақ қазақтың сөзін де естідік. Тойтарыс беріп, қазақ мектебі етіп сақтап қалдық», – дейді А.Ахметжан.

Қазір Астанада 66 жекеменшік мектеп бар. Оның бесеуі ғана қазақ тілінде. Бірі – «QazBilim» ұлттық лицейі. 66-ның ішіндегі ең арзаны да осы мектеп. Қымбат мектептердің бәрі өзге тілде. Ең қымбаты  жылына 13 миллион теңге сұрайды.

Аятжан Ахметжан мұның себебін былай түсіндіреді. Оның айтуынша, қоғамда «орыс тілінсіз нан жоқ» деген түсінік қалыптасқан. «Орысша білмейтін адам дұрыс жұмысқа тұра алмайды, бизнес бастай алмайды, қалада тұра алмайды» деген сияқты қасаң қағидалардың қабырғасы сөгілмей тұр.

«Біздің қоғам мінезінен айырылған. Оны айырған – кеңес үкіметі. Сондықтан біз жеке әлемімізде қатыптастырып алған стереотиптермен өмір сүреміз. Оның үстіне қабылдау комиссиялары қазақ сыныбында орын жоқ екенін айтып, балалардың ата-анасын орыс сыныбына беруге үгіттейді. Бұл – сапасыз жұмыстың көрінісі. Қоғамда қазақ мектептеріндегі білім сапасы нашар деген көзқарас та бар. Алайда, бүгінгі қазақ мектептерінің білім деңгейі төмен емес.

 Қалай десек те, мемлекеттік тілдің жағдайын реттеу керек. Тәуелсіздік алғанына 33 жыл болған ел үшін мұны талқылау да ұят. Биліктің беті қазақ тіліне бұрылмай, мектептің беті бері бұрылмайды. Сондықтан біздің билікке де, басқамызға да мінез керек, батыл шешім керек. Әйтпесе, бұның соңы неге соғары қорқынышты!», – дейді ол.

Бүгінде белгілі педагог Қазақстанның 8 қаласында «QazBilim» орталығын іске қосқан. Бұл қалаларда 400-ге жуық қызметкер бар және 400 адам жұмыс істейтін компания қазақ тілін алға қояды.

 Мөлдір Снадин

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close