Жаңалықтар
Қазақстан мен Катар сыбайлас жемқорлықпен бірлесіп күреседі
Қазақстан мен Катар сыбайлас жемқорлықпен бірге күреседі. Осыған орай тараптар Алматыда кездесіп, «Жол картасын» жүзеге асыруға уағдаласты.
Еске сала кетейік, президенттің Катарға жасаған жұмыс сапары барысында екі мемлекет арасында ынтымақтастықты арттыруға арналған бірқатар іс-шаралар реті белгіленді. Оның ішінде сыбайлас жемқорлықпен бірігіп күресу жолдары да қарастырылған. Осы мақсатта екі жақ «Парасаттылық пен айқындылықты ілгерілету бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қойды.
Асхат Жұмағали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы: – «Жол картасына» ресми түрде қол қойдық. Мемлекет басшысының Катарға сапарынан кейін бірден іске кірістік. Нақты жоспарымыз бар. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен білімді арттыруға күш саламыз. Бұл екі жаққа да тиімді болмақ. Катардан келген делегация біздің ақпараттық технологияға, цифрлық дамуға қызығушылық танытты.
Бұдан былай ақпарат алмасып, сарапшылармен кездесу өткізіп, оған қоса бірігіп оқу тренингтерін өткіземіз. Осының барлығы мемлекет басшысының Катарға жұмыс сапары барысында жасалған келісімдер бойынша атқарылды. Хамад бин Насер Рашид Аль-Миснед, Катар әкімшілік бақылау және ашықтық басқармасының президенті: – Катар мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас нығайып жатыр. Бұл қуантарлық жағдай. Енді жемқорлықпен бірлесіп күресеміз. Пікір алмасамыз. Бүгін сол келісім шеңберінде Алматыға келдік. Осы бағытта қалай жұмыс істейтінімізді айқындап алдық. Нәтижесі ойдағыдай болады деп сенемін.