Жаңалықтар
Елімізде 1 шілдеден бастап не өзгереді?
Газ, темекі, интернет қымбаттады,-деп хабарлайды Qandastar.kz
Газ қымбаттады
Энергетика министрлігінің мәліметінше, ресейлік бағаға жақындату үшін газ құнына түзету енгізілді.
«Сұйытылған мұнай газының бір тоннасы үшін шекті көтерме баға 45 158 теңге болады (бұрын – 40 320 теңге). Бұл ретте шекті бөлшек сауда бағасы өңірге байланысты литріне 5-тен 8 теңгеге дейін аздап өседі», – деп хабарлады ведомство.
Энергетика министрлігі сондай-ақ тауарлық газ бағасының көтерілуі тұтынушыларға аздап әсер ететінін атап өтті. Орта есеппен жеке үйге арналған шығын айына шамамен 1080 теңге, пәтер үшін – 130 теңге болады.
Интернет қымбаттады
«Қазақтелеком» көбірек төлеуге тура келетін тарифтердің толық тізімін ресми сайтында жариялады.
Өсім үйдегі интернетке және 50-ден астам тарифке әсер етеді. Ең төменгі баға – 5999, ең жоғарғы баға – 10 999 теңге болады.
Темекі тағы қымбаттады
Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға ең төмен бөлшек сауда бағасын мынадай мөлшерде белгіленді:
2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда 710 теңге;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 770 теңге.
Дәрі-дәрмек қымбаттады
1 шілдеден бастап елімізде фармацевтикалық препараттарды міндетті түрде таңбалау туралы ереже күшіне енді. Осыған байланысты дәрі-дәрмек 5% қымбаттайды.
Енді дәріханалар 3700-ден астам препараттың бағасын өзі белгілейді.