Жаңалықтар
«Алтын орда» базарындағы былық: 300-ге жуық сатушыдан қаржы алған экс-директор алаяқ па?

Фото:Спутник.кз
Алматының кіре берісіндегі атышулы «Алтын орда» базарының сатушылары тағы да шу шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сатушылар бұрынғы базар басшысы жаңа орын салып беремін деген желеумен 300-ге жуық адамнан қомақты қаржы жинап алып, хабарсыз кеткен дейді.
Өңірдегі ең ірі 10 мыңға жуық орны бар «Алтын Орда» базарының экс-директоры қосымша тағы сауда орындарын саламыз деп сатушылардан қаржы жинап алған. Бірақ орын да жоқ, ақша да жоқ, ал басшылыққа сенген 300-ге жуық сатушы берген қаржысын кімнен талап етерін білмей, сан соғып отыр.
«10 ай бойы әрқайсымыз жалпы сомасы 8-10 миллионнан теңге ақша құйдық. 1 миллиард 600 миллион теңгені жинап алған Данияр Альпиев жоқ болып кетті. Ал біз орнымызды күтіп жүрміз», — дейді сатушы Райхан Айдарбаева.
Базар басшылығының заңгерінің айтуынша, қолдарында барлық келісімдер бар. Өздері де істің заң жүзінде шешілгенін қалап отырғанын жеткізді.
«Қазір жиналып жатқан салымшылардың бәрінің қолдарында чектерімен расталған тиісті құжаттары бар. Олар «Алтын орда ню» компаниясына, яғни бұның алдында жұмыс атқарған компанияға ақша құйған», — дейді базар басшылығының заңгері Ізбасар Өтеулин.
Ал полиция бұған қатысты іс қозғады.
«Алаяқтық фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Іс бойынша барлық мән-жайларды анықтау үшін жедел-тергеу іс-шараларының барлық кешені өткізілуде. Қазіргі уақытта қылмыстық процес қатысушылары қылмыстық іспен танысуда. Тергеу амалдары аяқталған соң, қылмыстық іс сотқа жолданады», — деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.
Полиция департаменті өкілі егер бұрынғы базар басшысының кінәсі дәлелденсе, заң алдында жауап беретінін айтты.