Жаңалықтар

Алаяқтардың неге WhatsApp-пен қоңырау шала бастағаны белгілі болды

Киберқылмыспен және алаяқтармен күресетін жеке меморган құрылуы мүмкін.

Ішкі істер министрлігі енді шетелдік алаяқтардың телефон арқылы қоңырауы елге өтпейді деп отыр.

Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденов депутаттардың сауалына жауабында мәлімдеді.

Ол тікелей Президенттің тапсырмасын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі интернет пен телефон алаяқтықтарына қарсы күреске бағытталған ұйымдастырушылық және практикалық шаралар қабылдап жатқандарын мәлім етті.

«Ағымдағы жылы ІІМ-нің бастамасымен, «Қазақтелеком» АҚ-ымен бірлесіп шетелдік қылмыскерлер жасаған телефон алаяқтығына қарсы іс-қимылдың жаңа техникалық әдісі енгізілді. Бұдан былай IP және SIP телефониясын пайдаланатын шетелдік алаяқтар Қазақстан азаматтарының қалалық абоненттік нөмірлеріне қоңырау шалып, өздерінің қылмыстық мақсаттарын жүзеге асыра алмайды», – деді Ержан Сапарбекұлы.

Оның түсіндіруінше, енді арнайы жүйе олардың қоңырауларын анықтайды және дереу бұғаттауды жүзеге асырады.

«Биылғы жылдың басынан 2 миллионнан астам осындай қоңыраулар бұғатталды. Бұл телефон алаяқтығы деңгейін төмендетіп қана қоймай, оларды толығымен тоқтатуға мүмкіндік берді. Егер өткен жылы алаяқтардың әрекеттерінен 900-ден астам азамат зардап шегіп, жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгесінен айрылса, ағымдағы кезеңде, жүйе енгізілген сәттен бастап, олар еліміздің бірде-бір тұрғынын алдай алмады», – деді Ішкі істер министрі.

Ол интернет алаяқтыққа қарсы күрес шаралары да күшейтілгенін жеткізді. Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп енгізілген арнайы жүйе шетелдік алаяқтардың «ауыстырылатын ұялы телефон нөмірлерін» бұғаттауды жалғастыруда. Өйткені алаяқтар банктердің қысқа нөмірлерінен қоңырау шалуды үйренді.

Қазірге дейін интернет арқылы жасалған 45 миллионнан астам алаяқтық қоңырауға тосқауыл қойылған.

Алайда ІІМ басшысының мәліметінше, осыдан кейін алаяқтар қазақстандықтарға көбінесе, мессенджерлер арқылы телефон соға бастаған. Соның ішінде видеоқоңырау шалу жиілеген.

«Қоңырауларға бұғат қойылуына байланысты қылмыскерлер WhatsApp және Telegram мобильді қосымшаларының мүмкіндіктерін пайдалана бастады. Солардың көмегімен олар сенгіш азаматтарға хабарласады. Қылмыскерлердің шетелде болғанына қарамастан, ІІМ оларға қатысты тиісті жұмыс жүргізуде. Халықаралық ынтымақтастық нығайып келеді. Бұған дейін Украинаның құқық қорғау органдарымен бірлесіп, сол елдің аумағында Қазақстан азаматтарына қатысты бағытталған ірі алаяқтық Сall-орталығын жою туралы хабарлаған болатынбыз. Осы факті бойынша халықаралық тергеушілердің жедел тобы қылмыстық істерді тергеуді жалғастыруда», – деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Бұған дейін Қазақстанның, Украинаның және Чехияның полициясы күш біріктіріп, интернет-алаяқтардың 2 трансұлттық қылмыстық тобын жойды. Департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің дерегінше, осы мақсатта қазақстандық құқық қорғаушылар Украина мен Чехияға қызметтік іссапармен аттанған.

Алаяқтарды құрықтаудың халықаралық операциясын қазақстандық полицейлер Украинаның Ұлттық полициясымен және Чехия полициясымен бірге жүзеге асырды.

Нәтижесінде, Украинаның Запорожье қаласында алаяқтардың бірнеше Сall-орталығы жойылды. Қаскүнемдер өздерін банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, қазақстандықтарға қоңырау шалып, оларды қорқытып-үркітіп, шоттарының деректеріне қол жеткізіп отырған.

Бірінші байланыс орталығында 9 адам ұсталды. 17 компьютер, 62 мобильді құрылғы, сондай-ақ 35 грамм «метадон» тәркіленді.

Одесса қаласында бірден 3 алаяқтық call-орталық табылып, құртылды. Интернет-алаяқтар Қазақстан азаматтарын өмірде жоқ инвестициялық компанияларға қаржы салып, мол пайда табумен қызықтырған. Одессада 23 адам ұсталды. 9 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. 8 автокөлік, 58 ноутбук, 52 смартфон, 100-ден астам sim-карта, сондай-ақ 200 мың доллардан астам криптовалюта тәркіленді.

ІІМ басшысы дәл осындай жаңа халықаралық операциялар іске асырылып жатқанын мәлім етті.

«Осыған ұқсас халықаралық жедел-тергеу іс-шаралары қазіргі уақытта да жүргізілуде, олардың нәтижелері іске асырылғаннан кейін жұртшылыққа жеткізілетін болады. Бұл ретте халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және алдын алуға ерекше назар аударылады. Тек соңғы 3 жылда 51 мыңнан астам түрлі құқыққа қарсы интернет ресурстар анықталды және бұғатталды. Оның ішінде алаяқтық сайттар және қаржы пирамидалары бар. Осы кезеңде халық арасында жүргізілетін профилактикалық және түсіндіру жұмыстары аясында 1,1 миллионнан астам ескерту материалдары орналастырылды», – деді Ержан Сәденов.

Министр осы істе «ЛОМ»-дардың (қоғамдық пікір лидерлерінің) қызметіне жүгінгендерін жеткізді. Танымал блогерлерді, актерлер мен спортшыларды тарта отырып, алаяқтардың әрекеттерін егжей-тегжейлі сипаттайтын 320-дан астам түрлі бейнероликтер жасапты.

Алаяқтар қанжығасында кеткен қаржы көбіне қайтпайды. ІІМ дерегінше, 3 жыл ішінде қабылданған шаралар бойынша азаматтарға тек 1,9 миллиард теңгеге жуық келтірілген залалды өтеу мүмкін болған.

Елден шығару сатысында тұрған 300 миллион теңгеден астам қаражат бұғатталды.

Дегенмен, Қазақстанда да алаяқтар жетерлік, олар ел ішінен қоңырау шалып, халықты мұзға отырғызуын жалғастырды.

Биыл бұл салада стратегиялық және жүйелі тәсілді қалыптастыру үшін Қазақстан Еуропамен ынтымақтастық құруда. Ішкі істер министрлігі уәкілетті меморгандармен және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисімен бірлесіп, киберқылмысқа қарсы күрестің кешенді жоспарын әзірлеуді бастады.

Соның аясында азаматтарды қорғауға және телефон мен интернет алаяқтықтың жасалуына ықпал ететін себептерді жоюға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар қаралып, қолдау тапқан.

Ішкі істер министрі осы күресті күшейту мақсатында Қазақстанда алда жеке мемлекеттік орган құрылуы мүмкін екенін жария етті. Президенттің тиісті тапсырмасы да бар көрінеді.

«Қазіргі уақытта киберқылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігінде дербес Департамент құру туралы мәселе пысықталуда», – деді ІІМ басшысы Ержан Саденов.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close