Жаңалықтар
Алматы облысында дала өртін өшірмек болған 3 адам көз жұмды
Алматы облысының Панфилов ауданында дала өртінен 3 адам қаза тауып, 7 адам дене жарақатымен ауруханаға түсті. Көз жұмғандардың бірі – орманшы, екеуі – ерікті. Ауруханадағы 6 адамның денесін күйік шалса, біреуі өрт сөндіріп жүріп, аяғын сындырып алған. Өрт кеше түс әлетінде тау етегіндегі жайылымдық жерден тұтанған. Қаза тауып, жарақат алған адамдардың көбі тілсіз жауды ауыздықтауға барған еріктілер екен. Қызыл жалынмен арпалысамын деп сұм ажалдың тырнағына ілінген азаматтардың бірі Панфилов аудандық әкімдігінде көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. Оның артында 5 баласы қалды. «Қаза тапқан азаматтардың отбасына материалдық көмек көрсетіледі. Бұл жолғы дала өртінен 400 гектар жер өртенді», – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/sport/item/332650-almaty-oblysynda-dala-rtin-shirmek-bol-an-3-adam-k-z-zh-mdy