Әлеумет және қоғам

Алматыда азық-түлік бағасының өсу қарқыны баяулады

2026 жылдың алғашқы тоқсанында Алматыда азық-түлік инфляциясы 3,1%-ды құрады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы небәрі 0,9%-ға өсіп, билік жәрмеңкелер мен бағаны тұрақтандыру шаралары арқылы нарықты бақылауда ұстап отыр.

Алматыда 2026 жылдың қаңтар-наурыз айлары бойынша азық-түлік инфляциясы 3,1%-ды құрады. Бұл көрсеткіш республикадағы орташа деңгейге (2,9%) жуық. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы баяу өсіп жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап.

Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов Өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлімдеді. Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілген және олардың бағасы жыл басынан бері небәрі 0,9%-ға артқан. Бұл республикадағы орташа өсімнен төмен көрсеткіш.

Бағаны тұрақтандыру үшін қалада қосымша шаралар қабылданған. Атап айтқанда, сүт, ет және бакалея өнімдерінің көлемін арттыру мақсатында 8 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар ірі сауда желілерімен және жеткізушілермен бірлесіп, сауда үстемесін шектеу арқылы бағаны бақылау жұмыстары жүргізілуде.

Қалада демалыс күнгі жәрмеңкелерді дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Биыл 1000-нан астам жәрмеңке өткізу жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Мұндай жәрмеңкелерде фермерлер өнімдерін тікелей ұсынып, оларды нарықтағы бағадан 5–15%-ға арзан сатуға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ тұрғындарға қолайлы болу үшін жаңа форматтағы коммуналдық жәрмеңкелер ұйымдастырылып, олар заманауи инфрақұрылыммен жабдықталуда.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button