Алматы қаласының Алмалы аудандық полиция басқармасы қалта ұрлығының алдын алу мақсатында арнайы ақпараттық жадынама әзірледі. Бұл құжатта қылмыскерлер жиі қолданатын әдістер мен азаматтардың жеке мүлкін қорғауға арналған практикалық кеңестер жинақталған. бұл туралы Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеп хабарлады.
Полиция қызметкерлері дайындаған брошюрада қалта ұрыларының әрекет схемалары толық түсіндіріліп, тұрғындарға қылмыстың құрбаны болмаудың қарапайым әрі тиімді жолдары ұсынылған.
Жадынамадан азаматтар жеке заттарын сақтау ережелері мен сақтық шаралары туралы мәлімет ала алады. Әсіресе адамдар көп жиналатын орындарға назар аудару маңызды: қоғамдық көліктер, базарлар, сауда және ойын-сауық орталықтарында қалта ұрлығы жиі тіркеледі.
Полицияның мәліметінше, қалта ұрлары көпшілік арасында әрекет етіп, азаматтардың назарын басқа жаққа аудару арқылы олардың бейқамдығын пайдаланады. Мұндай жағдайда қылмыскерлер өте жылдам әрекет етіп, жәбірленуші байқамай тұрып ұрлық жасайды. Қазіргі уақытта дайындалған ақпараттық материалдар қала тұрғындары мен қонақтарына адамдар көп жиналатын орындарда таратыла бастады.
Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшанның айтуынша:
«Қалта ұрлығы көбіне қоғамдық көліктерде, базарларда және сауда орталықтарында орын алады. Қаскөйлер азаматтардың бейқамдығын пайдаланып, көз ілеспес жылдамдықпен әрекет етеді. Біз әзірлеген брошюрада қалта ұрылары жиі қолданатын тәсілдер мен азаматтарға арналған қарапайым, бірақ тиімді кеңестер қамтылған. Бұл ұсыныстар жеке заттарды сақтауға және келеңсіз жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.»