Жаңалықтар

Арал апаты: Қазақстан сексеуіл егілген аумақты 1,5 млн гектарға дейін ұлғайтпақ

 

Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан Арал теңізінің тартылған табанын жасыл желекке айналдыру бойынша жұмыстарды қарқынды жүргізіп келеді. Осы ретте бұл бағыттағы істерге тартылған орман шаруашылығы мамандары мен жетекші ғалымдар таяуда Қарақалпақстанда бас қосып, тәжірибе алмасты. Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Әлемдегі ірі экологиялық апат ошағы саналатын Арал теңізінің 6 млн гектары сорға айналса, соның 2,8 млн гектары еліміздің аумағына тиесілі.

Оның салдарын жою үшін екі ел бірлесе жұмыс атқарып жатыр.

Мәселен, өзбекстандық мамандар қараша-наурыз аралығында өздерінің территориясына енетін Аралдың бөлігіне көшет отырғызып, тұқым себеді.

Яғни, климаттық ерекшеліктер ескеріле отырып, мұндай істер Қазақстанға қарағанда бірер апта ерте басталады.

«Біздің есепке сай, 10 сәуірге дейін 300 мың гектарға сексеуіл егуді жоспарлап отырмыз. Тұқымды арнайы техникамен, ұшақпен және дельтапланмен әуеден себу жүйесі жолға қойылған. Тұқымды жергілікті халықтан сатып аламыз, бүгінде ол жеткілікті көлемде беріліп жатыр», — деді Қарақалпақстанның экология және аралды дамыту бойынша хатшылық басшысы Мархабай Нұрманов.
Арал табанына сексеуіл егуді Қазақстан да қарқынды жүргізіп жатыр. Тәуелсіздік жылдары мұндағы 900 мың гектардан астам аумаққа тұқым себіліп, көшет отырғызылған.

Сондай-ақ, осыдан 13 жыл бұрын 1 млн көшет дайындайтын тұқымбақ салынған, қазір келесісінің құрылысы қолға алынды. Оның аумағы 33 гектардан асады.

Жалпы екі ел мамандарының орман өсіру технологиясы ұқсас.

Арал табанына егу үшін шөлге ең төзімді саналатын сексеуіл мен қарабарақ өсімдіктері таңдап алынған.

Ол микроклиматты жақсартады, тиісінше жердің құнарын арттырады.

Арал тек бір елдің мәселесі емес. Сондықтан Қазақстан мен Өзбекстан оның салдарын жою жұмыстарын бірлесе атқарса, бүтін құрлыққа оң әсер етеді. Жыл сайын құрғаған Арал табанынан шамамен 150 млн тонна тұз бен шаң көтеріледі. Бұл мәселені Қазақстан және Өзбекстан мамандарының көмегімен шешеміз деген ойдамыз», — деп тоқталды ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Зиновий Новицкий.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close