
Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында дамып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ кездесуде Ресей Президенті Владимир Путиннің мамыр айының соңында Қазақстанға жасайтын сапарына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы Астана аталған уақиғаға айрықша мән беріп отырғанын жеткізді.
«Бұл сапарды биылғы екіжақты күн тәртібінің ең негізгі іс-шарасы ретінде қарастырамыз. Екі елдің одақтастық қатынастарын ілгерілетуде аталған сапар маңызды рөл атқарады деп сенеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сергей Лавров Мемлекет басшысына Ресей Президентінің сапарына әзірлік барысы туралы ақпарат берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сергей Лавров халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.



