ЖаңалықтарЭкономика және бизнес

Құрылыс, көлік және өңдеу салалары Қазақстан экономикасының жедел өсуіне серпін берді

Ұлттық статистика бюросының алдын ала мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға өсті, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі. Бұл көрсеткіш бірінші тоқсан қорытындысымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Айта кетсек, қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ өсімі 3% болған еді.

Төрт айдың нәтижесі бойынша өнеркәсіп саласында оң динамика сақталып, нақты көлем индексі 102,1%-ды құрады. Өсімге басты серпін берген бағыттардың бірі – өңдеу өнеркәсібі. Бұл секторда өндіріс көлемі 9,9%-ға артқан.

Машина жасау саласында да жоғары қарқын байқалады. Аталған саладағы өсім 23,3%-ды құрап, оған көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасын, сондай-ақ электр жабдықтарын өндіру көлемінің артуы әсер еткен.

Бұдан бөлек, бірқатар салаларда елеулі өсім тіркелді. Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіп көлемі 2,3 есеге ұлғайса, жиһаз өндірісі 41,7%-ға, фармацевтика 35,2%-ға, құрылыс материалдарын шығару 27,7%-ға, химия өнеркәсібі 18,4%-ға және азық-түлік өндірісі 14,4%-ға өсті.

Жалпы алғанда, экономиканың оң өсімі негізгі салалардағы тұрақты даму есебінен қамтамасыз етілді. Ең жоғары көрсеткіштер құрылыс саласында (114,5%), көлік және қоймалауда (112%), өңдеу өнеркәсібінде (109,9%), саудада (105,1%) және ауыл шаруашылығында (103,6%) байқалды.

Осылайша, қазіргі экономикалық өсім құрылымында шикізаттық емес секторлардың үлесі артып, құрылыс, көлік, сауда және өңдеу өнеркәсібінің рөлі күшейіп келеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button