
Қазақстанда Түркияның Türkiye Maarif Vakfı қорының жаңа мектептері салынады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентімен өткен келіссөздерден кейін мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, Астана мен Алматыда екі білім беру мекемесін салу жөніндегі меморандумға бүгін екі елдің министрліктері қол қойған.
«Осы мектептер саналы ұрпақ тәрбиелейтін іргелі білім ордасы ретінде қызмет етеді деп сенемін. Бұл мектептердің құрылысына тиісті жер телімдерін беру жөнінде тапсырма берілді. Көп созбай, құрылысты бастаймыз», – деді Тоқаев брифинг барысында.
Айта кетейік, Türkiye Maarif Vakfı – Түркия үкіметі құрған халықаралық білім беру ұйымы. Қор шетелдегі түрік мектептері мен білім беру орталықтарын басқарады.



