Жаңалықтар

Ауғанстаннан келетіндерді мұқият тексеріп, қазаққа қатысы барын ғана елге әкелеміз – Мағауия САРБАСОВ

Ауғанстандағы ахуалға байланысты ауған қазақтарын елге әкелудің өз қиындықтары бар екенін “Отандастар” қорының вице-президенті  Мағауия Сарбасов мына постында айтты:

Ардақты ағайын!

Ауғанстандағы ахуалға байланысты өз пікірімді білдіргім келеді.

Қазіргі уақытта шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы Ауғанстан еліндегі аса ауыр жағдайды көріп-біліп отырмыз. Бұл дүрбелең бейбіт өмірді аңсап, өз отанында тұрып жатқан халық үшін өте өкінішті жағдай деп білемін. Тынышы бұзылып, оқ пен оттан көз ашпаған мемлекеттің бүгінгі бет-бейнесі, жалпақ жұрттың жай-күйі жан ауыртып, жүрек сыздатады.

Шартарапқа тарыдай шашылған қандастарымыздың ат төбеліндей бір шоғыры ауған елінде екенін білеміз. Осындай аумалы-төкпелі төңкерісті басынан өткеріп жатқан елдегі бауырларымыздың ахуалы бізді де алаңдатпай қоймайды.

Бұл ретте мемлекеттік органдардың, әсіресе Сыртқы істер министрлігінің жұмысын айрықша атап өту керек.
Бүгінде, Кабулдағы Қазақстан Елшілігінің ресми мәліметінше ұлты қазақ 200-ге жуық азамат бар екені расталды. Бұл ақпарат ресми болғандықтан, осыны негізге алған жөн.

Алайда, «Отандастар қоры» КЕАҚ барлық аймақтардағы фронт-кеңселері мен Қандастарға қолдау көрсету орталығы арқылы жұмыстар жүргізуді жедел қолға алды.

Бұған дейін Ауғанстаннан атажұртқа көшіп келген және Қазақстан Республикасының азаматы атанған қандастарымыздан Ауғанстан аумағында қалған туған-туыстарының тізімін жинақтау жұмыстары жүріп жатыр. Тап қазіргі сәтке дейін 450-ге жуық адамның есімі тізімге енгізілді. Алайда, бұл тізім әлі де тексерісті қажет етеді. Аталған тізім толық жинақталған соң тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.

Алайда, отқа оранған елде қалған қандастарымызды көшіріп әкелу – оңай емес және бір күнде бітпейтін шаруа. Бұл шара құзырлы мемлекеттік органдар тарапынан Ауған елінде орын алған күрделі жағдайда қауіпсіздік шараларын қатаң қамтамасыз ете отырып, тиісті дипломатиялық жолдармен келіссөздер жүргізу арқылы өлшемді және нақты шешімдер қабылдауды талап ететінін ескеруіміз керек.

Бұған қоса, Қазақстанға келуге ниет білдірген әрбір азаматтың қазақ ұлтына сәйкестігін мұқият зерттеп-зерделеп, әбден електен өткізу қажет. Себебі, аумалы-төкпелі аласапыранды пайдаланып, елімізге небір күмәнді адамдардың, соның ішінде содырлар мен экстремисттердің кіріп кетпеуіне кепілдік жоқ.

Бұның бәрі уақытты талап етеді. Сондықтан, «сабыр түбі – сары алтын» демекші, баршамызға ұстамдылық танытып, сабыр сақтаған абзал.

Осы бір қысылтаяң уақытта, мемлекеттік органдар да, «Отандастар Қоры» КЕАҚ-да қол қусырып қарап отырған жоқ.

«Әр қазақ менің жалғызым» дегендей, біз әркез алыстағы ағайынның амандығын тілейміз!

Жазба Мағауия САРБАСОВТЫҢ facebook парақшасынан

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close