Жаңалықтар

Балалардың биологиялық емес әкелері «Туу туралы куәлікке» кірмеуі мүмкін

Бұған мемлекет «нәрестелер саудасымен» күресу мақсатында бармақ.
Тағы бір «гәп» бар: егер жоғалған баласын ата-анасы үш күн ішінде іздеп келмесе, бала жетімханаға кетіп қалуы ғажап емес.

психологтардың «Бишімбаев сотын қарамауға кеңес бергенін», оның адам психикасына кері әсер ететінін жазды. Халық басқа шаруасын ысырып тастап, Бишімбаевтың сотына алаңдап жатқанда, Парламент қоғам өміріне, әрбір отбасыға әсер етуі мүмкін заң жобалар топтамаларын ың-шыңсыз қабылдап тастауда. Оның ішінде әлеуметтік шиеленіске тамыздық болу әлеуеті бар даулы жайттар жетерлік.

Мысалы, Мәжіліс «ҚР адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» негізгі заң жобасын және оған ілеспе – «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын мақұлдады.

Бұл құжаттар, сарапшылардың болжамынша, өзге «көкек-әкеден» жаратылған баланы жетім деп кеудеден теппей, туған баласындай өсіретін барлық әкелерге көлеңке түсіргелі тұр.

Мәжіліс депутаты Қарақат Абденнің айтуынша, тікелей Президенттің тапсырмасымен, Бас прокуратура кәмелетке толмағандарды жасырын саудалау схемаларын анықтау үшін балаларды асырап алу мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға мониторинг жүргізген.

«Тексеріс қорытындысында анықталғандай, нәрестенің туу туралы акт жазбасына өзгерістер енгізу мүмкіндігінің берілуі бала саудасына септесетін себептердің бірі деп танылды. Бұл тәжірибеде қалай жүзеге асырылады? «Баланың әкесі» деген графаға адам саудалаушының аты-жөні енгізіледі. Белгілі бір уақыт өткен соң анасы сәбиден бас тартады. Осыдан кейін соттың шешімімен бала «әкесіне» беріледі. Қаралып жатқан заңда осы көрсетілген проблемалар шешілуге тиіс. Баланың туу туралы актілік жазбада заң бұзушылықтарға жол бермеу үшін заң жүзінде шаралар қабылдануы қажет», – деді депутат Қарақат Абден.

Құқық қорғау органдары осы идеяны жақтайды.

«Бұл проблема заң жобаларын қолға алғаннан бері туындады және түрлі алаңда, Мәжілістің комитеттерінде талқыланды. Заң жобалары бойынша Парламентте жұмыс тобы ары қарай жұмыс істеуде. Біз бұл мәселені қараймыз. Ол өте өзекті және қажет. Мұнда генетикалық экспертиза жүргізу талабына қатысты бірқатар мәселе туындап тұр. Принципті түрде алғанда, Ішкі істер министрлігі мұны қолдайды. Егер дәл қазір заңда осыны ескермесек, онда кейін қылмыстық процестер кезінде түрлі мәселе алдан шығуы мүмкін. Біз бұл мәселені пысықтап шығамыз», – деп сендірді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Қоғам белсендісі, заң маманы Светлана Савик мұндай қадамға абай болған жөн екенін ескертті.

«Туу туралы куәлікке тек ресми некеде тұрған жұбайын немесе биологиялық әкені ғана енгізу туралы түзетулер талқыға салынуда деп естідік. Егер сондай шектеулер енгізілсе, онда Қазақстанда әкесіз балалар қаптайды. Депутаттар адам саудасына қарсы жаңа заңда тиісті тыйымды бекітсе не болады? Онда мысалы, жігіті жүкті етіп тастап кеткен келіншекпен басқа адам көңіл қосса, бірақ бірден үйленбесе, ол ананың өмірге әкелген баласы бәрібір «әкесіз» тастандыға айналады. Өмірде оны биологиялық емес әкесі сүйіспеншілігіне бөлеп, мәпелеп өсіруі мүмкін. Бірақ құжат жүзінде әкесіз деп жазылады, бұл фактіні ата-анасы баладан жасыра алмайды. Бұл ағат қадам қаншама баланың тағдырын тәлкекке салады. Бала саудасына тосқауыл қоймайды, қаскөйлер басқа тәсілді табады», – деді С.Савик.

Оның пікірінше, баланың Туу туралы куәлігіндегі «Әкесі» графасына адам саудалаушы қылмыскер өз аты-жөнін жазады деу – не жалған сөз, не жаппай емес, сирек кездесетін жайт. Өйткені ертең ол баланың сатылып кеткені анықталса, тергеушілер мемлекеттік ресми актіге өзінің аты-жөнін жазған адамға шығады. Кәнігі, ақылды қылмыскерлер үнемі жасырын қалады, бұлайша, тұлғасын жариялап, өзін-өзі ұстап беретіндей адам саудагерлері ақымақ болмаса керек.

Қоғам белсендісінің түсіндіруінше, «Әкесі» графасына бөбектің шешесімен жұбайлық қарым-қатынаста болмаған еркектің атын жазу көбіне, суррогат ана («жатыр ана») тәсілінде қолданылады. Бірақ Қазақстанда суррогат аналыққа тыйым салынбаған.

Балалар саудасында Туу туралы куәлікке бөгде еркекті жазу тәсілінің пайдаланылатынын бірінші болып, білім саласының шенеуніктері айтты. Асхат Аймағамбетов басқарып тұрған тұста, 2022 жылы Оқу-ағарту министрлігі «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын әзірлеп, оның тұжырымдамасының жобасында дәл осы «дәйектемені» келтірді.

«Заңсыз асырап алу, оның ішінде шет мемлекеттер азаматтарының баланы елден тыс әкетуі жағдайларына соқтырған бірнеше заңсыз схема әшкереленді. Бұзушылықтарға лауазымды адамдардың әрекеттері не әрекетсіздігі, заңнамадағы олқылықтар және республикалық деректер банкінің (РБД) кемшіліктері ықпал етеді. Ең көп таралған схема – басқа әйелмен некеде тұрған ер адамның өзге жүкті ананың сәбиінің әкесі ретінде жазылуы. Босанғаннан кейін биологиялық анасы нәрестеден бас тартып, оны «әкесіне» береді», – деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close