Жаңалықтар
Балалары өнерлі балабақша
Балаңыздың аман-саулығына жауап беріп қана қоймай, өнегелі тәлімге баулып, Халықаралық байқауларға дейін қатыстыратын балабақшаға барғанын қалар ма едіңіз? Әрине, бұл – әр ата-ананың асыл арманы. Осы ретте дана халқымыз: «баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі» деп бекер айтпаса керек.
10 желтоқсан күні Мемлекеттік Республикалық Ұйғыр театрында балалар өнерін қолдау мақсатында «Би әлемі» Халықаралық өнер байқауы өтті. Байқауға бала-бақша балалары мен оқушылар қатысты. Ішінен оқ бойы озық шыққан, қанжығасына 1-орынды байлаған «Чудо-детки» балабақшасының 22 өнерпазы еді. Олардың жастары небәрі 5-6-да. «Ұлттық тәрбие – бала жанының қорегі» дегендей Халықаралық өнер байқауында балалар ұлттық әуенге қазақтың қасиетін білдірген көк түсті туы бейнеленген киімді киіп, «Жаса Қазақстан» биін биледі. Сахнада тұрған жалындаған балалар құдды бір би саласының майталмандары ма дерсің… Бойларында тулаған ыстық қаны көрермендерге сезіліп-ақ тұрды. Олар: Мұратхан Жания, Амантай Батырхан, Ермек Лейсан, Құсанғазы Аянат, Саулебаева Айкүнім, Хусаин Нұрислам, Мұратхан Раяна, Қали Естай, Тлемисов Айбек, Нұрбек Мұхаммед, Сейфулла Ибрахим, Бақтығұл Алияр, Қабылғазы Алима, Амангелдиев Алдияр, Алда-Онгаров Рамазан, Талипбай Малика, Бақытжан Асылжан, Болат Дінмұхаммед, Бауыржанұлы Әлім, Әбдікерім Алиакбар, Қайрат Даниял, Тасболат Айрат есімді бүлдіршіндер еді… Бұл бүлдіршіндердің ата-аналарымен де тілдесудің сәті туып, сұрақ астына алдық.
Нұрбек Мұхаммедтің анасы: «Біз бұл балабақшаға келіп жүргенімізге небәрі 2-ақ жыл болды. Шынымды айтсам, баламда мүлдем қабілет жоқ еді. Үйде өзімен өзі жүрген бала ғой. Бірақ осы балабақшаға кіргелі баламның көзі жанып, әр түрлі өнерге деген қызығушылығы оянды. Балам сахнаға шыққанда қатты толқыдым» десе, Амантай Батырханның анасы: «Бұл – біздің бірінші байқауымыз емес. Осының алдында Халықаралық байқауда актерлік шеберлік бойынша бақ сынаған едік. Ол жерде де бізге гран-при бұйырды. Негізі баламда 1 жас 7 айынан бастап өнерге қабілеті барын байқағанбыз. Бірақ аса мән бере қоймадық. Балабақшаның арқасында енді сахнадан бой көрсетуде. Ана ретінде баламның мұндай жетістігін көру – мен үшін үлкен бақыт» деп қуанышын жасырмады.
Расымен, ата-аналар айтқандай, саны да, сапасы да жоқ бала-бақшалардың қасында Алматының шетінде орналасқан Чудо-детки бала-бақшасы озық екені анық. «Өнерлі бала өнерлі тәрбиешіден» екенін ескерсек, бұл жерде хореограф Таланды Ошакбаевнаның, әдіскер әрі жетекші Жанар Сәттібекқызының және балабақша меңгерушісі Маруан Тохановнаның үлесі зор-ақ…
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ