Жаңалықтар

БИШІМБАЕВ ТЕРГЕУГЕ КӨМЕКТЕСПЕГЕН

Салтанат Нүкенова жабық ми жарақатының салдарынан қайтыс болған. Сот медициналық сараптаманың қорытындысы осындай.

Бүгін оны жәбірленуші тараптың адвокаттары оқып берді. Риат Шони, тілші: — Қоғамда резонанс тудырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Оның ісі алқабилердің қатысуымен қаралып жатыр. Бұны айыпталушы тарап өзі сұраған болатын. Бүгінгі отырыста марқұм Салтанат Нүкенованың телефоны қаралды.

Ондағы хаттар оқылып, фотосуреттер көрсетілді. Ал айыптаушы тарап сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында Қуандық Бишімбаев өз телефонын көрсетпегендігін алға тартты. Марқұм Салтанат Нүкенованың телефонын тексеруді айыпталушы тараптың адвокаттары бұған дейін бірнеше мәрте сұраған болатын. Бишімбаевтың қорғаушылары хаттардан бөлек, ондағы фотосуреттердің барлығын сотта көрсетуді талап етті. Олардың сөзінше, мұнда айыптау актісін жоққа шығаратын дәлелдер бар.

Дегенмен Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді телефондағы суреттерді оңай алмастыруға болатындығын айтты. Ақыры судья Айжан Көлбаева адвокаттардың бұл өтінішін қанағаттандырмады. Прокурор марқұмның телефонындағы бірқатар жазбаны оқыды. Салтанат Нүкенова өзінің азаматтық некедегі күйеуімен арақатынасы туралы жазған.

Айжан Аймағанова, мемлекеттік айыптаушы: — «Қуандық, мен біржолата Павлодарға кетемін. Арамызда сезім қалмағанын түсіндім. Еш нәрсені сақтағым келмейді. Ол мүмкін де емес. Опасыздық жасағаның үшін кешірім де сұрамадың, еш нәрсе істемедің. Бәріне мені кінәлап, психотерапевке қарал дей бердің. Бұдан әрі шыдай алмаймын. Кешір мені, ұмыт мені және маған бостандық бер. Мен барлығын осы жерден тоқтатамын деп шештім. Мен ата-анаммен бірге боламын, олар маған қарайласады», – деп жазылған. Қуандық Бишімбаев, айыпталушы: — Шынымды айтсам, мен бұл мәтінмен таныс емеспін.

Оны бірінші рет естіп тұрмын. Салтанаттың психикалық жағдайы тұрақсыз болғандықтан, мен оған үнемі психотерапевт туралы айтатынмын. Ол 2 күнге қонақүйге кеткен еді. Үнемі кетіп қала бергендіктен, мен де үйде отырмаймын, күтпеймін деп шештім. Сол кезде Салтанат неге үйге бөтен әйелдерді әкелесің дейтін. Бүгін сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаттары сот-медициналық сараптаманың қорытындысын жариялады. Марқұмның денесінде қандай жарақаттар болғанын оқып берді. Жанна Оразбақова, жәбірленуші тараптың адвокаты: — Дененің сыртқы жарақаттары туралы сараптаманы шамамен 40 минуттай оқыдық

. Олар 2,5 бетке жазылған. Сот-медициналық сараптама кезінде Салтанат Нүкенованың денесінен бас сүйек-ми жарақаты, бетінде көптеген жара мен қан анықталды. Мұрны сынған, оның айналасындағы терісіне қан ұйыған. Бас терісінде субдуральды гематома анықталған. Бұл сараптама былтыр қарашаның 10-і күні жасалған. Сотта жәбірленуші тарап қаңтардың 4-і күні қосымша жасалған сараптаманың қорытындысын да оқуды сұрады. Мұнда Салтанат Нүкенованың неден қайтыс болғандығы айтылған екен. Бірақ Бишімбаевтың адвокаттары бұл зерттеуді жеке сарапшы жасағандығын алға тартып, оны жариялауға рұқсат бермеуді сұрады. Ал марқұмның ағасы Айтбек Амангелдінің айтуынша, айыпталушы тарап қазір тек уақыт созудың амалдарын жасап отыр. Айтбек Амангелді, марқұмның ағасы: — Өйткені оның изоляторда отырған 1 күні, қателеспесем, 2 күн деп есептеледі. Жалпы жаза мерзімін азайту үшін оларға уақыт созу тиімді болып тұр. Айта кету керек, өткен сот отырысында екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов өзін Қуандық Бишімбаевтан бөлек жерге отырғызуды өтінген. Айтуынша, оған қысым көрсетіліп жатыр. Сот отырысында қос күдікті бір-бірінен алшақ отырғызылды. Ал адвокаттар Байжанов не үшін айыпталып жатқанын әлі күнге дейін түсінбей келеді. Әлібек Секеров, Б. Байжановтың адвокаты: — Байжанов оны не үшін айыптап жатқанын түсінбейді. Себебі ол әу бастан тергеуден ештеңені жасырған жоқ. Бар шындықты айтты. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысында Салтанат Нүкенова жабық ми жарақатының салдарынан қайтыс болғандығы жазылған. Бұған дейін Қуандық Бишімбаев марқұмның өзі бірнеше мәрте тайып жығылғанын айтқан еді. Іске қатысты сот процесі әлі жалғасып жатыр.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close