Жаңалықтар

БҚО ҚОҚЫСЫН ӨҢДЕУГЕ ИНВЕСТОРДЫ ТАРТУ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР

Батыс Қазақстан облысында тұрмыстық қатты қалдықтың 18 пайызы ғана қайта өңделеді. Жыл сайын өңірде 124 мың тонна қоқыс жиналады екен. Ал оны кәдеге жаратып, қайта өңдеу жағы кемшін. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті билік инвесторлар тартуды жоспарлап отыр.

Жыл сайын облыс орталығынан 300 тонна қоқыс шығарылады.

Оны сұрыптатағаннан кейін жарамсыз бөлігі арнайы полигонда залалсыздандырылады. Оралда тұрмыстық қалдықтарды шығарумен жергілікті компания айналысады. Кәсіпорын басшылығы автопакрті жаңалау үшін жеңіл пайызды несиелендіруге арналған бағдарламаға үміт артып отыр.

Равхат Данағұлов, кәсіпорын директоры: — Он дана қоқыс тасымалдайтын көлікке тапсырыс беріп, күтіп отырмыз. Біздің тапсырыс мақұлданады деп үміттенеміз. Бұл бағдарламаның несиесі 3 пайыздық үстемемен15 жылға беріледі.  Жыл сайын өңірде 100 мың тоннадан астам қоқыс жиналады.

Бұл салада 18 компания қызмет көрсеткенімен, оның тек екеуі ғана тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысады. Өңірде бұл сала кенже қалып отыр. Дегенмен, жергілікті билік қоқысты өңдеу- табысты кәсіп түрі боларына сенімді. Қазір олар инвестор іздеуге кіріскен. Марат Молдашев, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: — 6 кәсіпорын қалдықтарды өңдеу арқылы қағаз және әйнек шығаруға ниет білдірді. Сонымен қатар қоқысты өңдеу және нығыздап жинауға арналған құрылғы сатып алғысы келетіндер де бар.

Жуырда Үкімет инвесторларды жеңілдетілген қаржыландыру тетігін бекітті. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорындардың арнайы техника, сұрыптау желілерін сатып алуына тиімді мүмкіндік ашылды. Экология министрінің айтуынша, бұл саланы қаржыландыру өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жүзеге асады. Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі: — Біз кәсіпкерлермен және Жасыл дамумен бірнеше кездесулер өткіздік. Осылайша құны 232 млрд теңгені құрайтын 94 жоба іріктелді.

Оның ішінде 46 млрд теңге инвесторлардың қаржысы. Біраз уақыт бұрын пайдалану мерзімі аяқталған қалалық қоқыс полигонының да мәселесі көп ұзамай шешіледі. Оны қалпына келтіруге арналған жобаның сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close