Жаңалықтар

Бюджетті тиімсіз пайдалану: үкіметті Смайылов басқарған кездегі олқылықтар анықталды

Бүгін мәжіліс отырысында қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков үкіметтің былтырғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстырды. «2023 жылы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану көлемі 489 млрд теңге болған», – деді ол. Есептегі мәлімет бойынша, 87 млрд теңге – 2023 жылға бөлінген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарының қалдықтары. 143 миллиардтан астамы – республикалық бюджеттен бөлінген игерілмеген қаражат, пайдаланылмаған нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер. Вице-министр қаржының тиімсіз игерілгені туралы ақпарат Жоғарғы есеп палатасының ақпаратында берілетінін айтты.

«Бюджет қаражатын тиімді және толық пайдалану үшін әкімшілердің жауапкершілігін арттыру шаралары қабылданды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірқатар қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп қосты вице-министр.

2023 жылы бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 2,6 пайызын құрады. «100 млрд теңге толық игерілмеген. Оның 27 миллиард теңгесі мемлекеттік резервтен үнемделген ақша. Игерілмеудің негізгі себептері: жеткізушілердің келісімшарт талаптарын уақытылы орындамауы, жеткізушілердің тауарды жеткізбеуі, орындалған жұмыстарды, шот-фактураларды уақтылы жеткізбеуі, көрсетілген қызметтердің нақты көлеміне төлем жасалған», – деп түйіндеді сөзін вице-министр.

 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close