Жаңалықтар

ЕЛІМІЗДЕГІ ЕСКІ ПОЙЫЗДАР ҚАШАН ЖАҢАРАДЫ?

Қызмет көрсету сапасы да сын көтермейді. Сол себепті елімізде теміржол паркін жаңартудың жоспары құрылып, бағдарламалық құжат қабылданбақ.  Күнделікті тіршілікте алыс-беріспен қатар барыс-келісте шойынжолдың орны бөлек. Айталық, былтыр елімізде 14 миллионға жуық адам пойызбен қатынаған. Алайда діттеген жеріне діңкелетіп жеткізетін пойыздың кейде адам үшін қиямет-қайымға айналатыны бар. Қазір елімізде 2600 жолаушылар вагоны бар десек, оның 2100 ұлттық тасымалдаушыға тиесілі, қалғаны жеке компаниялардың еншісінде. Бірақ осы 2600 вагонның тең жартысына жуығы ескірген. Тозығы жетсе де, теміржолдардан түспеген мұндай вагондар жолаушылар үшін қолайсыз ғана емес, қауіпті де. Көлік министрлігі болса, теміржол паркін жаңарту жұмыстарының қолға алынып, жыл сайын 100-ге жуық жаңа вагон сатып алынып жатқанын алға тартты. Сәтжан Өзбеков, ҚР Көлік министрлігінің теміржол инфрақұрылымы басқармасының басшысы: – Осы жылы да 100-ден аса вагон сатып аламыз деп жоспарлап отырмыз. 2025 жылға дейін 300-ге жуық вагон сатып алынады. Сонымен қатар, өздеріңіз білетіндей, бізде қазір Stadler компаниясымен бірлесіп, отандық вагон өндірісін жаңартып, қазіргі заманға сай вагондар өндірісін қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр. 2025 жылдан бастап сол вагондар іске қосылатын болады. Жалпы 2029 жылға дейін Stadler технологиясымен 500-ге жуық вагон сатып алынайын деп отыр. Еліміздегі жүк вагондарының да жағдайы жыларман күйде. Тауар айналымы тасымалының межеден төмен болуы мен теміржол бойында түрлі апаттардың орын алуына жүк вагондарының ескіруі себеп. Айталық, қазіргі таңда елімізде 136 мың жүк вагоны бар болса, оның 44%-інің тозығы жеткен. Кеңестік кезеңнен қалған ескі вагондарды жаңартуға мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Оның шеңберінде былтыр 3 мың су жаңа вагон сатып алуға келісімшарт жасалған. Сәтжан Өзбеков, ҚР Көлік министрлігінің теміржол инфрақұрылымы басқармасының басшысы: – Одан бөлек, ҚТЖ өз қаражаты есебінен локомотивтер паркін жаңартып жатыр. Былтыр 113 локомотив сатып алынды. Алдағы 2030 жылға дейін 600 локомотив сатып алынады деген жоспар бар. Көлік-коммуникация жүйесін жетілдірудің аясында салада цифрландыруға басымдық берілген. Қазіргі таңда теміржол саласындағы 100-ден астам қызмет автоматтандырылған. Жүк тасымалын жүзеге асыратын компаниялар үшін келісімшартты жасау мен өтініш беру тәртібі толығымен цифрландырылған. Теміржолға IT басқару жүйесін енгізуде Орталық Азияда Қазақстан көш басында келеді. Нұрбол Нұрғалиев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Автоматтандыру және цифрландыру филиалының директоры: – Ресеймен де электронды документке көшкенбіз. Ресеймен 69% құжатымыздың бәрі электронды түрде әзірленеді. Жалпы Қазақстанның ішкі тасымалында 99% электронды жүйеге ауысқанбыз. Бүгінгі таңда біздің 2023 жылы 75% бүкіл билет электронды түрде алынған. Теміржол саласын қарқынды түрде цифрландыруды Президенттің өзі тапсырды. Бұл қадам оның тиімділігі мен өнімділігін едәуір арттыруға, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал отандық кәсіпкерлер үшін жұмыс жағдайы едәуір жеңілдей түспек. Темірлан Жамитов, тасымалдаушы компания өкілі: – Біз отандық ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа шығарамыз. Бұрын құжаттардың барлығын қолмен толтырып, уақыт жоғалтатынбыз. Қазір біздің қызметкерлеріміз Өскемендегі кеңседен барлық процестерді электронды түрде басқарады. Өтініштерді тіпті ұялы телефондағы қосымша арқылы беруге болады. Станцияға барып, тауарлық кассада тұрудың қажеті жоқ. Бұл кәсіпкерлерге өте ыңғайлы. Теміржол саласында әлі де қордаланған мәселе көп. Жүруінен тұруы көп пойыздарға жолаушылардың өкіпесі қара қазандай. Вагондардағы тазалық жағдайы мен қызмет сапасы да сын көтермей тұр. Жолаушылар болса, ақысына сапасы сай жүрдек пойызбен жүйткитін күн алыс еместігіне үмітті.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close