Жаңалықтар

Енді Қазақстанның көліктері Қытайдың теңіз порттарына дейін бара алады

Енді Қазақстанның жүк көліктері Қытайдың кез келген қаласына емін-еркін кіре алады. Мәжіліс бүгін екі ел арасындағы көлік бағытын дамыту жөніндегі келісімді мақұлдады. Бұдан алыс-беріс артып, жүк тасымалы 2-3 есеге ұлғаяды деген болжам бар. Қытай бұған дейін бірде-бір мемлекетпен мұндай келісімге қол қоймаған.
Айя Мүтәлі, тілші:
Қазақстандық көліктер бұған дейін Қытай шекарасының айналасындағы аймақтарға ғана баратын. Одан артық өте алмайтын. Енді отандық жүк тасымалдаушылары Қытайдың кез келген қаласында кіре алады.
Кәсіпкерлердің порттан тауар алып, елімізге қысқа мерзімде жеткізуге мүмкіндік бар. Биылдың өзінде 200 мың көлікке осындай рұқсат берілмек.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
Осы уақытқа дейін Қытай бірде бір елге осылай басқа елдің көліктерін өз елінің ішіне кіруге мүмкіндік бермеген. Бұл алғаш рет Қазақстанға жасалып отырған мүмкіндік. Және ол былтыр мемлекет басшысының Сиань қаласына жасалған іс-сапары шеңберінде қойылған келісім-шартқа сәйкес іске асырылып отыр.
Келісімнің тағы бір тиімділігі қағазбастылық азаяды. Бұдан былай электронды құжатпен қатынауға мүмкіндік берілмек. Әрі көліктің қайда және қалай жеткізілгенін онлайн бақылау қарастырылған. 30 күнге дейінгі визасыз режим де жүк тасымалдаушыларының жұмысын жеңілдетпек. Дегенмен, кеден бекетінде қатаң тексеруден өтеді.
Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі:
Мысалы, мен жүкті Қытай мемлекетіне, Шанхайға алып баратын болсам, мен алдын-ала базаға кіремін. Рұқсатын аламын. Шекараға келгенде екіжақты рұқсат қағаздарым уже электронды түрде болады.
Арадағы автокөлік логистикасын дамытуға Қазақстан да, Қытай да мүдделі.  Тараптар тауар айналымын 40 млрд доллардан 100 млрд долларға жеткізуді көздейді. Бүгінде Қазақстаннан шикізат және ауыл шаруашылық өнімдері экспортталса, Қытайдан көптеген жабдықтар мен тауар түрлері келеді. Келісімдегі талаптар екі жаққа да бірдей. Сондықтан сарапшылар «Қазақстан нарығында қытайлық жүк көліктері қаптап кетеді» пікірді жоққа шығарды. Былтыр елімізден 120 мыңнан астам жүк көлігі өтсе, Қытайдан небәрі 6 мыңға жуық көлік кіргізілгенін айтып отыр.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close