Көші-қон заңнамасы

Халықтың көші-қоны туралы 1

Осы Заң халықтың көші-қоны саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, көші-қон процестерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін айқындайды.

1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) бұрынғы отандас – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұдан бұрын азаматтығында болған және шетелде тұрақты тұратын адам;

2) бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету – оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне қоғамға бейімдеу және ықпалдастыру мақсатында көрсетілетін (ақпараттық, заңдық, әлеуметтік, медициналық және білім беру) қызметтер кешені;

3) келуге және кетуге берілетін рұқсат (бұдан әрі – виза) – осыған уәкілеттік берілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының көшіп-қонушының паспортындағы немесе оны ауыстыратын құжатындағы белгісі, ол визада белгіленген уақытқа, мақсаттарда және шарттармен Қазақстан Республикасының аумағына келуге, оның аумағы арқылы жүріп-тұруға, онда болуға және Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге құқық береді;

4) еңбек көші-қоны – еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жеке тұлғалардың басқа мемлекеттерден Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасынан, сондай-ақ мемлекет ішінде уақытша қоныс аударуы;

4-1) еңбекші көшіп келушіге рұқсат – жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) үшін ішкі істер органдары еңбекші көшіп келушіге беретін, белгіленген нысандағы құжат;

5) заңсыз көшіп келу – шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың келу және болу тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитті жол жүруді бұза отырып, Қазақстан Республикасына келуі және Қазақстан Республикасында болуы;

6) заңсыз көшіп келуші – Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасында болатын шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
6-1) корпоративішілік ауыстыру – Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдің аумағында құрылған, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде орналасқан және сонда жұмыс істейтін заңды тұлғада басшы, менеджер немесе маман лауазымында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды осы заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған филиалдарына, еншілес ұйымдарына, өкілдіктеріне еңбек шартында айқындалған, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге, бір жылға ұзарту құқығымен уақытша ауыстыру;

7) көшіп келу – шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келуі;

8) көшіп келуші – Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

9) көші-қон – жеке тұлғалардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке, сондай-ақ мемлекет ішінде тұрақты немесе уақытша, ерікті түрде немесе мәжбүрлі түрде қоныс аударуы;

10) көшіп-қонушы – себебі мен ұзақтығына қарамастан, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасынан кеткен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішінде қоныс аударушы адам; 10-1) қабылдаушы тұлға – көшіп келушілерді Қазақстан Республикасына уақытша тұру үшін шақыру туралы өтінішхат беретін және (немесе) олардың тұруына орын беретін Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдік пен азаматтығы жоқ адам немесе Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлға;

11) Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері – Қазақстан Республикасының шет елде орналасқан дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері, сондай-ақ консулдық мекемелері;

12) қоныс аударушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ішкі көшіп-қонушы;
12-1) қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қоныс аударушылардың немесе қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелерінің шекті саны;

13) оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туылған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары;
13-1) оралмандарды бейімдеу және интеграциялау орталығы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын және оралмандарға, олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және интеграциялау қызметтерін көрсетуге және уақытша тұруға арналған заңды тұлға;
13-2) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін оралмандардың немесе оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің шекті саны;
13-3) оралмандар, этникалық қазақтар туралы ақпараттық дерекқор – этникалық қазақтар, оралмандар және олардың отбасы мүшелері, олардың Қазақстан Республикасының аумағы бойынша орналасуы, сондай-ақ оларға көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары туралы деректер жиынтығы;
13-4) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтама – экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік талаптарына және білім деңгейіне сай келетін шетелдік жұмыскерге халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен берілетін белгіленген нысандағы құжат;

14) алып тасталды – ҚР 24.11.2015 № 421-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

15) алып тасталды – ҚР 24.11.2015 № 421-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

16) алып тасталды – ҚР 10.12.2013 № 153-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

17) тұрақты тұруға арналған рұқсат – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде көшіп келушілерге ішкі істер органдары беретін және оларға Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру құқығын беретін құжат; 17-1) уақытша болатын (тұратын) жер – тұрғылықты жер болып табылмайтын және адам уақытша болатын (тұратын), мекенжайы бар ғимарат, үй-жай не тұрғынжай;

18) уақытша орналастыру орталығы – этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің оралман мәртебесін алғанға дейін уақытша тұруына арналған тұрғын жай;

19) уақытша тұруға арналған рұқсат (тіркеу) – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде көшіп келушілерге ішкі істер органдары беретін және болу мақсатына қарай оларға Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір мерзімге тұру құқығын беретін құжат; 19-1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

20) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы басшылықты, көші-қон процестерін реттеуді, халықтың көші-қоны саласындағы жұмысты үйлестіруді және мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 20-1) алып тасталды – ҚР 16.04.2018 № 147-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

21) шақырушы адам – Қазақстан Республикасында тұратын және осы Заңға сәйкес отбасын біріктіру мақсатында өз отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына келуіне жәрдемдесетін адам;

22) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушіге тартуға рұқсат етілген шетелдік жұмыс күшінің рұқсат етілетін шекті саны;

23) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат – Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жұмыс берушіге жергілікті атқарушы орган беретін белгіленген нысандағы құжат;

24) алып тасталды – ҚР 24.11.2015 № 421-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

25) ішкі көші-қон – жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының ішінде тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударуы;

26) ішкі көшіп-қонушы – тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында Қазақстан Республикасының ішінде өз бетінше қоныс аударушы адам;

27) алып тасталды – ҚР 24.11.2015 № 421-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

28) этникалық қазақ – шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.

Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.12.2013 № 153-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.06.2014 № 209-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.10.2015 № 365-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 421-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 06.04.2016 № 483-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.04.2018 № 147-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.

3-бап. Көшіп келудің негізгі түрлері Қазақстан Республикасының аумағына келу және Қазақстан Республикасының аумағында болу мақсатына қарай көшіп келудің мынадай негізгі түрлері бар: 1) тарихи отанына оралу мақсатында; 2) отбасын біріктіру мақсатында; 3) білім алу мақсатында; 4) еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында; 5) гуманитарлық және саяси уәждер бойынша.

4-бап. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен міндеттері 1. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясат мынадай негізгі қағидаттарға: 1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және халықаралық шарттарға сәйкес көшіп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарын тану және оларға кепілдік беруге; 2) ұлттық мүддені қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге; 3) жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін ұштастыруға; 4) пайдаланылатын ақпараттың жаңартылуы және бірнеше рет қайталануы негізінде көші-қон процестерін реттеудің ашықтығына; 5) мемлекеттің көшіп келудің әрқилы түрлерін реттеудегі сараланған тәсіліне негізделеді. 2. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері: 1) көшіп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау; 2) өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық даму мүдделерін ескере отырып, оралмандарды ұтымды орналастыруды ұйымдастыру; 3) Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тарту; 4) ішкі еңбек нарығын шетелдік жұмыс күшін тартуды квоталау жолымен қорғау; 5) Қазақстанның халықаралық еңбек нарығына ықпалдасуын қамтамасыз ету; 6) халықтың жаппай көші-қонына әкеп соқтыруы мүмкін жанжалдардың алдын алу және оларды болғызбау мақсатында Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен ынтымақтастығын дамыту; 7) ішкі көші-қон ағынын оңтайландыру, көшіп-қонушылардың ел аумағында ұтымды қоныстандырылуын қамтамасыз ету; 8) шетелде тұратын бұрынғы отандастармен және этникалық қазақтармен өзара қарым-қатынасты, оның ішінде мәдени ынтымақтастық пен ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы өзара қарым-қатынасты қолдау және дамыту; 9) этникалық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуына жәрдемдесу; 10) көші-қон процестерін реттеу саласындағы халықаралық ынтымақтастық, заңсыз көшіп келудің алдын алу және жолын кесу болып табылады.

5-бап. Көшіп келушілердің құқықтары мен міндеттері 1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында: 1) егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға; 2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім, медициналық және әлеуметтік көмек алуға; 3) Қазақстан Республикасының көшіп келушілердің болуы үшін ашық аумағы бойынша еркін жүріп-тұруға; 4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғылықты жерін еркін таңдауға; 5) өзіне тиесілі мүліктік құқықтарын және мүліктік емес жеке құқықтарын қорғау үшін сотқа және мемлекеттік органдарға жүгінуге; 6) осы қызмет түрлері ақысыз негізде көрсетілетін оралмандарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында ақылы бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін алуға құқығы бар. 2. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасында: 1) егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген міндеттерді атқарады; 2) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағына келудің, кетудің және онда болудың белгіленген тәртібін сақтауға міндетті.

6-бап. Көшіп келушілердің келуінің, кетуінің және болуының жалпы шарттары

1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келу, кету және болу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады. «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркінде еңбек қызметін жүзеге асыруды қоса алғанда, қызметін жүзеге асыру үшін көшіп келушілердің келу, кету және болу ерекшеліктері «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.

2. Келудің және болудың визасыз режимі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген көшіп келушілер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда, заңды паспорттары немесе оларды ауыстыратын құжаттары бойынша келеді.

3. Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге визаны ұлттық қауіпсіздік органымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері береді. Қазақстан Республикасының аумағындағы көшіп келушілерге Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге визаны ішкі істер органдары береді.

4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күнінен бастап күнтізбелік бес күннен астам Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілердің, егер Қазақстан Республикасының тиісті тараппен жасаған келісімінде немесе Қазақстан Республикасының Үкіметімен өзгеше тәртіп белгіленбесе, уақытша тұруға (тіркелуге) рұқсаты болуға міндетті. Көшіп келушілерді тіркеуді ішкі істер органдары қабылдаушы тұлғалардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінен келіп түсетін ақпараты негізінде жүзеге асырады. Қабылдаушы тұлғалар өздеріне келетін көшіп келушілер туралы ішкі істер органдарына олар келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.

Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 421-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 174-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу Ескерту.
7-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 24.11.2015 № 421-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрып жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру туралы өтініш береді. Қазақстан Республикасында тұрақты тұру визасымен уақытша болатын не Қазақстан Республикасымен кірудің және болудың визасыз тәртібі туралы келісім жасасқан мемлекеттерден келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ өздеріне берілген визаның санатына қарамастан, этникалық қазақтар тұрақты тұруға рұқсат алу үшін ішкі істер органдарына өтініш береді. Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін:
1) алып тасталды – ҚР 24.11.2015 № 421-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
2) бес тәуліктен аспайтын мерзім ішінде Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін; 2-1) Қазақстан Республикасына туризм, емделу, жастардың, студенттік және мектептік алмасу бағдарламаларына қатысу, гуманитарлық көмекті алып жүру, келіссөздер жүргізу, шарттар жасасу, аудиторлық және консультациялық қызметтер көрсету мақсаттарымен, сондай-ақ іссапарға келген;
3) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметте жүрген;
4) дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелер мен Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдардың құрамына енетін;
5) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болып табылатын;
6) теңіз және өзен кемелері, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан әуе, теміржол және автомобиль көлігі экипаждарының мүшелері болып табылатын; 6-1) Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйымдардың мүшелері болып табылатын;
7) Қазақстан Республикасының аумағына қайырымдылық, волонтерлік, діни және (немесе) миссионерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келетін;
8) «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы бірінші бөлігінің
8) тармақшасында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
9) «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 20-1-бабында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өтініш бере алмайды. Осы баптың екінші бөлігінде аталған адамдардың құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 421-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close