Жаңалықтар

Каспий неге тартылып барады?

 

Каспий теңізінің экологиялық ахуалы бүгінде аса өзекті болып отыр. Теңіздің біздің елімізге тиесілі екі жарым мың шақырымдық жағалауы Атырау мен Маңғыстау облыстарының аумағында. Каспийдің кейінгі жеті-сегіз жылдағы экологиялық жағдайы баршаны алаңдатып отыр. Судың деңгейі жыл асқан сайын төмендеп барады. Бұл, әлбетте, теңіз жағалауындағы елдердің бәріне ортақ проблема.

деректерге сүйенсек, миллиондаған жылдар бұрын алып Сармат теңізі мұхиттан ажырап, аумағы азая келе үш теңізге: қазіргі Қара теңіз, Каспий және Арал теңіздеріне бөлінген. Каспий теңізін ғылыми тұрғыдан зерттеу 1840 жылдан басталды. Сол кезден бері теңіздің деңгейі жеті рет төмендеп, жеті рет көтерілгені тіркеліпті. Соңғы 1994 жылғы көтерілуден соң, қайтадан жылына орта есеппен жеті сантиметрден төмендеп келеді және әлі төмендей береді деп болжануда. Соның салдарынан теңіз Ақтаудың маңыңдағы тік жағалаудан ондаған метрге, солтүстік-шығыс пен солтүстіктегі жайпақ жағалаудан тіпті жиырма-отыз шақырымға дейін шегініп кеткен. Теңіз деңгейі мезгіл-мезгіл бірде төмендеп, енді бірде көтеріліп отырады. Бұл — табиғи құбылыс. Алайда, кейінгі қырық жыл ішінде теңіздің екі мәрте көз алдымызда қауіпті деңгейге дейін күрт төмендеуі — өнеркәсіпті өркендету жолында адамзаттың табиғатқа жасаған қысасты демеске амал жоқ.

— Әрине, себепсіз салдар жоқ. Теңіз деңгейінің күрт төмендеу себептеріне нақтырақ тоқталып өтіңізші. 

— Каспий — ешқандай мұхитпен қосылмайтын тұйық көл, аумағы аса үлкен болған соң теңіз деп атап келеміз. Оған жүз отыздай өзен келіп құяды. Олардан жылына теңізге 300 текше километрдей су келіп құйылады. Оның ішінде Еділ өзенінен барлық судың 80 пайызы, Жайықтан 5 пайыздайы келсе, қалған үлес Самур, Сулак, Терек, Кура, тағы да басқа үлкенді-кішілі өзендердің әеншісінде. Теңіз суының деңгейі осы өзендерден келіп құйылатын судың мөлшеріне тікелей байланысты. Яғни, өзен сулары көп құйылған жылдары теңіз көтеріледі, аз құйылған жылдары кемиді.

Енді теңіздің тартылу себептеріне тоқталсақ. Біріншіден, адамзаттың соңғы жүз елу жыл ішінде көмір, торф, мұнай, газ сияқты қазба отынды жылдан-жылға көп жағуына байланысты атмосферадағы жылыжай газының мөлшері тым көбейіп кеткен. Бұл дегеніңіз ғаламдық жылынуды тездетуге ықпал етеді. Ал ғаламдық жылыну жауын-шашын мөлшерін азайтады да, соның салдарынан өзендердің де суы кемиді. Ғаламдық жылынудың әсерінен су айдындарының булануы жиілеген. Екіншіден, адамдардың табиғатқа антропогендік әсері жылдан-жылға артып келе жатыр. Мысалы, Ресей Федерациясының еуропалық бөлігінің 40 пайызын құрайтын Еділ мен оның салаларының бойында қазір 12 су электр станциясы салынған. Оған өзендердің бойындағы зауыттар мен фабрикаларды, шаруашылыққа пайдаланылатын мыңдаған гидротехникалық құрылғыларды қосыңыз. Мұның барлығы су шығынын жылдан-жылға көбейте беретіні сөзсіз. Ғалымдардың есептеуінше, қазіргі кезде Еділден жылына теңізге құйылатын су қалыпты жағдайдан 30-35 текше километрге азайып кеткен. Мұндай антропогендік факторларды барлық өзендердің бойынан молынан кездестіруге болады.

Теңіз аумағының азаюы туралы айтқанда, Каспий теңізінің орта тұсы мен табанының қозғалысы (жер сілкінулер) мен солтүстік-шығыс жағалауындағы құрлықтың баяу болса да көтерілу процесі тоқтамай жүріп жатқанын да ескеру керек. Мысалы, Ақтау қаласы тұрған жер жылына 2,4 мм-ге, ал Үстірттің батыс шыңдары жылына 4,0 мм-ге көтеріліп келе жатыр. Тиісінше, теңіздің жағалауы жүз жылда 24-40 сантиметрге, мың жылда 2,4-4 метрге дейін көтеріледі. Жиегі көтерілсе, су кейін шегінетіні белгілі.

— Теңіздің шамадан тыс тартылуы ондағы балық, тағы басқа да тіршілік иелеріне зиянын тигізе ме? Жалпы, экономикаға зияны бар ма? 

— Әрине зиянды. 1930 жылы теңіздің ауданы 442 мың шаршы километр болса, соңғы жылдары шамамен 371 мың шаршы километр болып, тоқсан жыл ішінде он жеті пайызға кеміген. Бұл балық, итбалық, т. б. су жануарлары өсетін алқап аумағы да осынша азайды деген сөз. Оның үстіне, тек 2008–2023 жылдар аралығында ғана теңіздің қазақстандық бөлігі тағы 8121,5 шаршы километрге азайып кетті.

Теңіздің таяздануы тек балық шаруашылығына емес, экономиканың теңіздегі мұнай өндірісі, су транспорты, энергетика, т. б. салаларына да зиянын тигізді. Мысалы, теңіз портына кемелер кіретін су жолдарын, МАЭК энергетика комбинатына су келетін каналды тереңдету, Қашаған кен орнына кемелер баратын жаңа канал қазу, т. б. қаржыны көп қажет ететін жұмыстарды жасауға тура келіп отыр.

— Каспий теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту үшін онда үлесі бар елдер қандай шараларды қолға алуы керек? 

— Теңіз деңгейі оған құятын өзендер суының көлеміне тікелей байланысты екенін жоғарыда айттым. Каспий маңындағы бес мемлекет өзендердің суын тиімді, үнемді пайдаланса, теңіз деңгейін бірқалыпты ұстап тұруға болады. Бірақ ол тым қиын шаруа, өзен суларын қай елдің қалай пайдаланып жатқанын қадағалау мүмкін емес.
1970 жылдары Каспий қатты төмендей бастағанда кеңестік ғалымдар Сібірдегі Обь өзенінің бір саласын Торғай ойпаты арқылы Каспийге бұру жобасын ұсынған еді. Алайда үш мың шақырымға созылатын, жолында бірнеше рет биіктіктерге көтерілетін алып жобаны салуға аса көп қаражат керек болғандықтан, ол жүзеге аспай қалды.

Десек те, кейінгі жылдары Каспий маңындағы бес мемлекет Президенттерінің жыл сайын кездесуі дәстүрге айналды. Әр саммитте, саяси-экономикалық мәселелермен қатар, теңіздің биоресурстары мен экологиясы туралы мәселе қозғалады. Соңымен қатар, соңғы жылдары Қазақстан мен Ресей Президенттері арасында сонау Сталин заманында Қума-Манаш ойпаттары бойымен жоспарлаған «Еуразия» каналын салу арқылы Азов теңізі мен Каспий теңізін қосу жөнінде бірнеше рет әңгіме болды. Ал Иран президенті кейінгі екі саммитте Каспий теңізі мен Парсы шығанағы арасын каналмен қосу жөнінде ұсыныс айтты.

Егер бұл жобалар жүзеге асса, теңіз толығумен қатар, Каспий маңы мемлекеттері түгелдей Ақ теңіз-Балтық каналы арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа, Жерорта теңізі арқылы Атлант мұхитына, Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына шыға алар еді.

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close