БілімЖаңалықтар

Қазақ білім беру жүйесінің өзіндік ерекшелігі болуы қажет – жас ұстаз

Мектептің басты құндылығы — мектеп қоғамдастығын құрайтын адамдар. Оған штаттық қызметкерлер, оқушылар, ата-аналар және қамқоршылар кіреді. 1917-1991 жылдары елімізде үстемдік еткен саясаттың арқасында балалар мен мұғалімдер өздерін мектептерде өздерін әртүрлі емес, бірдей сезінді. Қазір жағдай өзгеріп келеді. Егер мектепті тиімді басқару керек болса, онда олардың құрылымдары осы әртүрлілікті көрсетуі керек. Бала әртүрлі болса, мұғалімдер де әртүрлі болуы керек. Мен осы қағиданы ұстанамын.

— Мұғалім үшін ең бірінші орында не болуы керек?

— Мұғалім үшін ең бірінші орында алдында отырған бала, оған білім мен тәрбие беру тұру керек деп есептеймін. Мен өзім сағаты мен ставкасын санаған мұғалімді нағыз мұғалім деп есептемеймін. Әрине, қаржылық жағынан еңбегінің бағаланғаны маңызды. Бірақ ол мұғалімнің балаға білім беруге, оқытуға деген құштарлығынан асып тұрмауы керек.

Өткен жылы жас кадрлар резервіне еніп, арнайы курстан өттіңіз? Бұл сізге не берді?

— Баға жетпес білім берді дер едім. Демалу мен білімге деген құштарлығым бір арнаға тоғысып, 2023 жылғы 3 шілдеден бастап ақтаулық, атыраулық әріптестермен бірге кадрлық резервті дайындаудың ауқымды мемлекеттік бағдарламасы аясындағы біліктілікті арттыру курсының базалық деңгейін оқыдым.

Бұл курстың бірінші ерекшелігі, топ-менеджерлерге арналған кестеде әр мұғалім үшін басты тақырыптар қамтылған: заманауи мектеп басшысының кәсіби мәртебесі және имиджі, оның ұлттық құндылықтарын қалыптастырудағы рөлі, мектепті басқару психологиясы және кадрлық менеджмент, білім беру процесіндегі цифрландыру және басқа өзекті мәселелер.

Екінші ерекшелігі — біздің алған білімімізді іс жүзінде қолдануымыз. Қалай дейсіз бе? Біз педагогикалық шеберлік орталығы және EdCrunch Academy мәскеулік IT сарапшылары әзірлеген «Заманауи мектепті басқару» компьютерлік симуляторын қолдана алдық. Симуляторды оқу барысында біз виртуалды мектепті басқардық. Басқару мүдделі тараптардың сұранысын зерделеуден басталады. Мектепті 9 аспекті бойынша стратегиялық дамытуда 1600-ге жуық шешім қабылдадық. Осы арқылы басшы болудың оңай емес екенін, қабылданған шешім мен тараптардың сұранысын талдап отыру керек екенін түсіндім.

— Қай саланың болсын ілгері дамығаны абзал. Соның ішінде ел ертеңі — болашақ жастарды қалыптастыратын білім саласының орны ерекше емес пе?

— Әрине, оған сөз бар ма! Қазақстанның білім беру кеңістігінде оңды өзгерістер орын алып келеді. Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс деп ойлаймын. Ал ол жүйені өзгерту үшін мектептер заманға сай болуы керек. Әр бала заманауи, жайлы мектепте білім алуға құқылы. Қазіргі кезде елімізде саман тастан, ағаштан салынған мектептерде білім алып жатқан балалар бар. Білім саласы ілгері дамуы үшін әуелі осы басты кемшілік жойылуы керек.

Қазақ білім беру жүйесін қалай жақсартуға болады деп ойлайсыз?

— Біз аталмыш курс барысында шетелдік білім беру жүйесі, ондағы мектепті басқару туралы көп талқыладық. Жалпы өмірде де Жапония, Финляндия, Эстония мектептері, ондағы білім беру туралы көп айтамыз, талқылаймыз. Неге Қазақстан да осы елдермен бірге айтылмайды? Неге біздің де білім берудегі өзіндік ерекшелігіміз болмайды. Мүмкін, ол ұлттық құндылықтарға негізделген болуы керек шығар. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі мерзімде Қазақстан өзіндік білім беру жүйесін қалыптастыруы керек сияқты. Екіншіден, мектеп басшыларын тағайындалғанға дейін курстан өткізу керек. Сонда олардың кәсіби білім-білігі кеңейіп, ұжымды басқару үшін қарым-қабілеті шыңдала түсер еді.

— Өткен жылы Алма Оразбаева атындағы орта мектептің жаңа ғимаратқа көшкені белгілі. Қазіргі кезде, әсіресе, қалада ата-аналар балаларын үздік мектеп, ұстаздарға бергенді жөн көреді. Сіздің білім ордасы осындай өскелең талаптарға сай келе ме?

— Иә, мектебіміз жаңа, заманауи ғамаратқа орналасып, қуанып жатырмыз. Біздің мектебіміз — өңірдегі көне білім шаңырақтарының бірі. Өзінің тарихы, оқыту стилі қалыптасқан деп айта аламын. Қазіргі кезде мектеп бренді, имиджі деген пайда болды. Тіпті мұғалім де өз брендін қалыптастырып жатыр. Ата-аналар да балаларының заманауи мектепте, үздік мұғалімнен тәлім алғанын қалайды. Біздің ұстаздарымыздың әлеуеті жоғары. Ал мектептің жаңа ғимаратқа көшуі оларға жаңа серпін беріп, кәсіби дамуға ықпал етеді деп ойлаймын.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close