Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ОЮ-ӨРНЕГІ

«Қазақ жастарының ою-өрнектерге деген қызығушылығы артып келеді».  Суретшілер мен өнер сарапшылары осылай дейді. Ұлттық нақыш тек киім-кешекте емес, күнделікті тұрмыста қолданылатын заттарды әрлеуде қолданылып жүр.

Қазақтың ою-өрнегі — қолданбалы өнердің ерекше бағыты. Көне сақ-ғұн заманынан келе жатқан өрнектердің мәні бөлек, тарихы терең. Күнделікті тұрмыста ою-өрнек қолданылмаған зат жоқтың қасы.

Кілем, киіз, киім-кешек, ыдыс-аяқ, жиһаз, қару-жарақ — мұның барлығын ерекше нақышпен безендірген және әрқайсысында өзіндік мағынасы бар. Ернұр Рахимов, ҚР Ұлттық музейінің жетекші ғылыми қызметкері, PHD докторы: — Ою өрнекті негізгі 4 түрге бөледі. Бұл заморфты, жануарлармен стильденген образдар. Бұл мысалы қошқармүйіз жылқы, түйе табан, соған байланысты. Әрине, біздің ата-бабаларымыз малшылар болғаны белгілі, бұл тотемизмнің ықпалы. Екіншіден, бұл өсімдік тәріздес ою-өрнектер.

Үшіншісі бұл геометриялық. Геометриялық ою-өрнектер көбінесе қазақтың әшекей бұйымдарында, кілем киіздерінде қолданылады. Төртіншісі бұл космологиялық, яғни аспан денелері. Жұлдыздар, күн, ай бейнеленген ою өрнектер. Көшпелілер ою-өрнек арқылы өздерінің, табиғатпен, қоршаған ортамен байланысын көрсеткісі келді. Қызғалдақтар далалық өсімдікті бейнелесе, геометриялық суреттердің мағынасы тіпті терең. Мысалы, кілемдердің жиегінде салынатын «бітпес» деген өрнек уақыттың толассыздығын білдірген. Бертін келе сырт киімде бейнеленген өрнектер театр сахнасынан бастау алады. Лейла Махат, суретші, өнер саласының сарапшысы: — Қазақтың алғашқы кәсіби суретшілерінің бірі Гүлфайрус Ысмайылова театрда жұмыс істеп жүріп, ою-өрнекке деген көзқарасты түбегейлі өзгертті. Оған сахнаға шыққан қазақ әртістерін ерекше көрсету міндеті қойылды. Сонда ол ою-өрнек сахнаның барлық бұрышынан көріну үшін, көлемін ұлғайтып, киімдерге тіккен.

Бұл шапандар мен кимешектерде ұлттық нақыштың жиі қолданылуына түрткі болды. Қазір қолөнер туындыларына қызығатын қазақ жастары көп. Көшпелі халық мәдениетіне тән элементтер бас киімдер мен сөмкелерді, жейделер мен белдіктерді ерекшелендіреді. Жаңа буынның ұлттық айдентикаға бет бұрғаны қолөнершілерді де қуантып отыр. «Түп тамырға терең үңілген сайын, бабадан қалған мұраға сый құрмет көрсетіп, жарқын болашаққа сенім артады»,- дейді олар.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close