Қазақстан 2026 жылғы World Happiness Report рейтингінде 33-орынға көтерілді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Биыл ел бірден 10 сатыға жоғарылап, 147 мемлекеттің ішінде 6,633 балл жинады. Нәтижесінде Қазақстан Франция, Сингапур және Италия сияқты елдерді артта қалдырып, Орталық Азия мен ТМД аймағында көш бастады. Өзбекстан 53-орында, ал Қырғызстан 66-орында тұр.
Сарапшылардың айтуынша, рейтингтің жақсаруына ең үлкен үлесті «әлеуметтік қолдау» көрсеткіші қосқан. Бұл санатта Қазақстан әлем бойынша 4-орынға ие болды. Сонымен қатар, ел жомарттық деңгейі бойынша да жоғары нәтиже көрсетіп, 29-орынға жайғасты.
Соған қарамастан, кейбір көрсеткіштер әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Мысалы, сыбайлас жемқорлық бойынша Қазақстан 74-орында, ал халықтың өмір сүру ұзақтығы 77-орында. Рейтингтің көшін дәстүрлі түрде Финляндия бастап тұр, ал соңғы орындарда Ауғанстан мен Ливан орналасқан.
Зерттеуде биыл әлеуметтік желілердің адам бақытына әсеріне де ерекше көңіл бөлінген. Ғалымдардың дерегінше, интернетті күніне бір сағаттан аз қолданатын адамдар өздерін бақыттырақ сезінеді. Ал TikTok пен Instagram сияқты платформаларда ұзақ уақыт отыратын жастардың өмір сапасы төмендеуі мүмкін. Қазақстанда 25 жасқа дейінгі жастар экран алдында күніне 2,5 сағаттан артық уақыт өткізсе, олардың бақыт деңгейі азаятыны байқалған.
Мамандардың пікірінше, бақытты өмір сүру үшін цифрлық әлем мен шынайы өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды.
