Жаңалықтар

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Батыс Қазақстанда 114 тұрғын үй салмақ

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен БҚО әкімдігі Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін тұрғын үйлер салу туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында қордың қаржы ресурстары есебінен жергілікті атқарушы органдар ұсынған үлгілік жоба негізінде 114 тұрғын үй салынады. Аталған қордан түскен мәліметке қарағанда, Сырым ауданы Жымпиты ауылында – 49, Бұлдыртыда – 25, Өлеңтіде – 38, Жетікөлде – 1 және Жаңақоныста 1 үй бой көтермекші. Осы елді мекендерде су тасқынынан зардап шеккен соншама үй объективті тексеру қорытындысы бойынша жөндеуге жатпайды және тұруға жарамсыз.

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі су баспайтын аумақтарда жаңа үйлер салу үшін жер учаскелерін анықтады және бөлді. Сондай-ақ қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізеді. Орындалатын құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын облыс әкімдігі жергілікті қоғамдық белсенділермен бірлесіп бақылайтын болады.

«Біздің жеріміз, халқымыз табиғи апатқа тап болды, оның салдары, әрине өте ауыр. Бірақ, біз ортақ күш-жігерімізбен қысқа мерзімде жаңа үйлер құрылысын бастап, оларды толықтай бітіріп, қиыншылыққа тап болған отандастарымызға көмектесе аламыз деп үміттенеміз. Қор бұған қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша 10 млрд теңгені бөлумен бірге қайырымды қазақстандықтар мен бизнес өкілдері жіберіп отырған қаражатты қосымша қарастырып отыр», — деп атап өтті «Қазақстан халқына» ҚҚ төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.

Сонымен қатар жақын уақытта Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарында құрылыс үшін ауылдар мен аумақтар анықталып, тиісті меморандумға қол қойылады.

«Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтуды тапсырған болатын. Осы ретте, «Қазақстан халқына» қоры да көмек көрсеткелі отыр. Осылайша, облысымыздың Сырым ауданында тұрғын үйлер салынады. Бұл – қуантарлық жағдай. Зардап шеккен тұрғындар баспанасыз қалмайды, мемлекет тарапынан барынша көмек беріледі» — деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.

«Ескеретін жайт, 1-30 сәуір аралығында қордың атына түскен барлық ақшалай қаражат төтенше жағдайдың салдарын жоюға және ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға бағытталатын болады. Қор өзінің ресми сайтында донорлар мен аталған сомалардың мөлшері туралы есепті орналастырады. Күні бүгін қордың шоттарына 2,9 млрд теңге көлемінде қайырымдылық жарналары түсті. Қор сәуір айының соңына дейін қайырымдылық қаражаты есебінен салынатын үйлердің саны артады деп үміттенеді. Қор қайырымдылық үшін тек қордың ресми сайтында көрсетілген шоттар мен деректемелерді пайдалануды сұрайды. Жеке тұлғалар аударымдарды банктердің мобильді қосымшаларында «Қайырымдылық» бөлімі арқылы жүзеге асыра алады», — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тұруға жарамсыз деп танылған 400-ге жуық үй қайта салынатынын жазған болатынбыз.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close