Жаңалықтар
Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылды – ҚХР елшісі
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы жөнінде пікір білдірді.
«2019 жылы Қытай Халық Республикасының құрылғанына 70 жыл толды.
70 жыл – тарихи өлшемнің бір бөлігі ғана, бірақ бұл аралықта қытайлар мақтан етуге тұрарлық жетістіктерге жетті. 70 жыл бұрын Қытай технологиялық тұрғыда артта қалған, өндірісі дамымаған мемлекет болды.
Ал қазір дамыған экономикасы бар, автокөліктен әскери техникаға дейін шығаратын үлкен қуатты елге айналды», – деді Чжан Сяо ҚР Мемлекеттік басқару академиясында «Қазақстанның шығыс көршісі. Қытайдың қарқынды дамуы куәгерлер көзімен» конференциясында.
Елші Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынаст ы дамыту мәселесінің өзектілігін атап өтті.
«Биыл Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы ерекше қарқында дамыды. Сәуір айында «Халықаралық ынтымақтастық. Бір белдеу – бір жол» форумында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Достық орденімен марапаттады. Жақында ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға алғашқы мемлекеттік сапарын табысты өткізді. Екі ел басшылары қарым-қатынасымызды жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаруды ұйғарды. Бұл жаңа мәртебе өзара әрекеттестіктің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Енді 55 индустриалды, инвестициялық жобаны жүзеге асырудан бөлек, үлкен деректер, жасанды интеллект, телекоммуникация, блокчейн, цифрландыру сынды салаларда жоғары технологиялық ынтымақтастықты дамыта түсеміз», – деді елші.
Сонымен бірге, дипломат Қытайдың екі ел арасындағы мәңгілік достық қарым-қатынасты қалайтынын жеткізді.
«Бүгінгі сөзімде бір мәселені нақты айтқым келеді – қытайларда отарлаушылық пиғыл жоқ және болмаған да. Бұған көз жеткізу үшін өткенге көз жүгіртуге болады. 15 ғасырда өзінің теңіз флоты бар, ең қуатты мемлекет болған Қытай 7 ауқымды жүзу ұйымдастырып, Оңтүстік Үндістанға, Парсы шығанағына дейін жеткен. Біздің бабаларымыз шай, фарфор, жібек апарып, тауар алмасып, су бетіндегі Жібек жолын құрды. Барлық жеті сапар да еш шиеленіссіз, соғыссыз, жергілікті халықты өлтірмей, бейбіт түрде жүргізілген. Бұл сапарлар Қытайға саяси, сауда және экономикалық байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Одан Қытайдың жер аумағы кеңейіп кеткен жоқ, отарлық режим орнаған жоқ», – деп өз сөзін түйіндеді Чжан Сяо.
Дереккөз: inform.kz