Жаңалықтар

Қазақстанда сотқа қатысқаны үшін алқабилерге қанша ақы төленеді

«Алқабилер туралы» заңға сәйкес, 25 жастан асқан кез келген қазақстандық сотқа алқаби ретінде қатысуға шақырылуы мүмкін. Мұндай шақыртуды елеусіз қалдыруға болмайды – бұл үшін Әкімшілік кодекстің 655-бабына сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2024 жылы 36 920 теңге) айыппұл салынады. Сондықтан сотқа шақырған кезде баруға тура келеді. Дегенмен қазақстандықтардың қатысудан бас тартуға мүмкіндігі бар.

Алқабилер туралы заңның 10-бабының 3-тармағына сәйкес олар мыналар: егер азамат сот талқылауы өтетін тілді білмесе; егер азамат өзінің дене немесе психикалық кемістігіне байланысты міндеттерін орындай алмаса; егер азамат алпыс бес жастан асқан болса; егер азамат дін қызметкері болса.

Бұдан бөлек, «Казахстан подешевле» Telegram-арнасының авторлары атап өткендей, 3 жасқа дейінгі балалары бар алқаби әйел мен діни сенімдері бойынша сотқа қатыса алмаймын деп есептейтін адамдар міндеттерінен босатылуы мүмкін. Сондай-ақ дәрігерлер, мұғалімдер, әуе компанияларының ұшқыштары және жұмыстан алшақтауы қоғамдық және мемлекеттік мүдделерге зиян тигізуі мүмкін басқа тұлғалар да босатылуы ықтимал.

Дегенмен алқабилердің қызметі волонтерлікке жатпайды және сотқа қатысқан әрбір күнге ақы төленеді. Алқабилер аудандық судьяның жарты жалақысын алады – күніне шамамен 18 000 теңге.

Сондай-ақ алқабилерге қылмыстық іс қаралатын жерге баруға қажет іссапар шығыстары өтеледі. Бұл ретте алқабилердің жұмыс орны, лауазымы сақталады және еңбек өтілі ескеріледі. Оларды жұмыстан шығаруға немесе төмен жалақы алатын лауазымға ауыстыруға болмайды.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close