Жаңалықтар

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары құнсызданып кетті ме

Соңғы 4 айда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) активтердің кірісі 2,87 пайызға жетті. Ал бір жыл ішінде ол 8,7 пайыдық инфляция кезінде 9,83 пайыз болды.

2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында сақталған зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы шамамен 19 трлн теңгеге жетті. Бұл қаражаттың бір бөлігі әртүрлі зейнетақы жарналары есебінен ғана емес, сонымен қатар БЖЗҚ активтерін басқарушылардың инвестициялық қызметі есебінен қалыптасты. Мәселен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметі бойынша, төрт айда қазақстандықтардың таза инвестициялық кірісі шамамен 517,6 миллиард теңге болды – бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 10,4 пайызға артық. Бұл ретте салымшылардың шоттарына бөлінген міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жарналар есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының кірістілігі 2024 жылдың 4 айында 2,87 пайыз болды.

Ал жұмыс берушінің жаңа міндетті зейнетақы жарнасы (ЖМЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы активтерінің кірістілігі 1 мамырдағы жағдай бойынша 1,76 пайызды құрады. Естеріңізге сала кетейік, ЖМЗЖ қазақстандықтардың шартты шоттарына жыл басынан емес, ақпан айында түсе бастады, сондықтан олар аз уақыт ішінде инвестицияланады.

Сондай-ақ инвестициялық кірісті кем дегенде бір жыл ішінде бағалау орынды екенін есте ұстаған жөн. Бұл жағдайда зейнетақы активтері өз құнын сақтап қана қоймай, инвесторларға нақты пайда әкелді. Жылдық кірістілік 8,7 пайыз инфляцияға қарсы 9,83 пайыз болды. Ал жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бері инфляция 780,79 пайыз болған кезде жиынтық инвестициялық кірістілік 842,74 пайызды құрады.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close