Жаңалықтар

Көкшетауда Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған конференция өтті

Көкшетауда Қазақ ғылым академиясының тұңғыш президенті, алғашқы кәсіби тау-кен инженері, геолог-ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Өмірі өнеге» атты ғылыми конференция өтті.

Мерейтойлық шара ғалымның құрметіне облыс орталығындағы Сәтбаев көшесінің бойындағы аллеяда орнатылған ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды.

Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Өмірі өнеге» ғылыми конференциясының басты мақсаты геолог-ғалымның еңбектерімен, оның шын мәнінде ұлы жетістіктер мен жаңалықтарға толы өмір жолымен таныстыру болды. Оның ғылыми қызметінің ауқымы зор, ал Қазақстанның дамуына қосқан үлесіне баға жетпейді. Жезқазғанда 2 миллион тоннадан астам мыс қорының ірі кен орнын ашқан Сәтбаев болды.

Қаныш Имантайұлының басшылығымен Қазақстанның пайдалы қазбалар картасы жасалды. Мұндай карталарды әзірлеудегі кешенді әдіс геологияның жаңа бағыты — металлогенияның негізін қалады. Бір қызығы, карта дәлдікке мұқият тексеріліп, ғылыми ортада кеңінен талқыланып, соңында ең сенімді деп танылды.

Сәтбаевтың жетістіктері есебінде тағы бір жаһандық жоба бар, оны іске асыру Орталық Қазақстандағы су тапшылығы мәселесін шешті.

Конференцияға қатысушылар өз сөздерінде Қаныш Сәтбаевтың тұлғасының жан-жақтылығы туралы айтты. Мысалы, 1935 жылы аймақты зерттеу барысында ол ерекше жазуы бар тасты тапты. Кейінірек белгілі болғандай, оны XIV ғасырда Темірлан қалдырған. Өз экспедицияларында ғалым халық әндерін, өлеңдерін жазып алып, педагогикалық қызметпен айналысты, мектептерге арналған Алгебра оқулығын шығарды.

Қазіргі таңда елімізде бір қала, көптеген кәсіпорындар, оқу орындары, қала көшелері академик Қаныш Сәтбаевтың есімімен аталады. Ғаламшардағы кішкентай планеталардың бірі де оның есімі берілген.

Тағылымды іс-шараға Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Отан тарихы» кафедрасы меңгерушісі, археология, этнология ғылымдарының PhD докторы Қанат Бөдеев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Сәтбаевтанушы, қоғам қайраткері Мейрамбек Қиықов, «Қоғамдық даму орталығы» КММ қызметкерлері, сондай-ақ, білім ордаларының оқытушы-ғалымдары мен студент-жастары және мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

«Бүгінгі шара Қазақстан ғылымының негізін қалаған Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы орай өткізіліп жатқаны өте орынды. Еліміздің дамуы мен гүлденуіне белсенді атсалысқан адамдар ұмытылмауы тиіс. Сондай тұлғалардың бірі — Қаныш Сәтпаев. Бүгінгі таңда бұл жай ғана есім емес, еліміздің шикізаттық және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Қазақстанға, оның экономикасына, халық шаруашылығына қызмет етіп жатқан геологияның атасы деп білеміз», — деп атап өтті Сәтбаевтанушы, қоғам қайраткері Мейрамбек Қиықов.

Айта кетсек, қазақтың ұлы перзенті Қаныш Имантайұлының өмір жолы мен бағажетпес ғылыми еңбектерін ұлықтау мақсатында бүгіндері еліміз бойынша көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Еске салайық, бұдан бұрын Көкшетаулық ісмер қолөнер бұйымдарын жасап, салт-дәстүрді дәріптеп жүргенін жазған едік.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close