Жаңалықтар

Майданда хабарсыз кеткен қазақстандықтарды іздеу қалай жүріп жатыр

 

Бүгін – Жеңіске 79 жыл. Соғыстың біткеніне ғасырға жуықтаса да майданға аттанған отандастарымыздың тағдыры туралы тың деректер ашылып, табылып жатыр. Ал соғыстан оралмай, майдан даласында мерт болғаны қаншама. Елімізде «Атамның аманаты» атты қоғамдық бірлестік бар, қоғамдық ұйымның мақсаты – соғысқа аттанып елге оралмаған отан қорғаушыларды іздеу, оларды тауып елге әкелу, артында қалған ұрпақтарымен байланыс орнату. Жеңіс күні қарсаңында майданда із-түзсіз жоғалған қазақстандықтарды іздеу жұмыстары қалай жүріп жатқаны жайлы «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасының орынбасары Әбубәкір Смайыловпен әңгімелескен едік.

«Атамның аманаты» қоры 2019 жылы 19 мамырда құрылған, биыл 5 жыл толады. Қысқа уақытта қыруар жұмыс атқарылды. Құрылғалы бері ресми сайтқа 9 мың өтініш келіп түсті. Отандастарымыз өздерінің ата-бабасын, жақын-жуығын іздейді, олардың тағдырының не болғанын білгісі келеді. Жалпы майданға (ІІ дүние жүзілік соғыс) 1 млн 300 адам аттанған деген дерек бар, бірақ ол толық емес. Оның 630 мыңы майдан даласында опат болған және 271 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткен. Бұл да толық дерек емес, себебі соғыс кезінде адамдарды қазіргідей тіркеп, есептеу мүмкін емес. Қазір республикалық және облыстық музейлермен, архивтермен меморандумға қол қойып жатырмыз, өйткені мәліметтердің бәрін бір жерге жинақтауымыз керек», — деді Әбубәкір Смайылов

Қоғамдық бірлестік Жеңістің 80 жылдығына (2025 жылы) дайындықты бастап кеткен.

«Биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Жеңістің 80 жылдығыа қатысты дайындықты бүгіннен бастау керектігін айтты. Соғысқа аттанғандардың санын 1941 жылғы деректерге сүйеніп соңғы рет КСРО Қорғаныс министрлігі 1989 жылы жасаған, ал одан бері қаншама уақыт өтті және тың деректер табылып жатыр. Екіншіден, 1938-1939 жылдары әскерге алынған қаншама отандастарымыз бар. Көбісі Кеңес-Фин соғысына қатысып, одан әрі қарай әскер қатарында қалып қойды. Бұдан бөлек еңбек армиясы деген болды, оған 16-17 жастағы бозбалалар алынып, түрлі қара жұмыс істеген, ал 18 жасқа толғанда сол жақтан майданға аттанған», — дейді ол.

Бүгінде соғысқа аттанған 4 мыңға жуық қазақстандықтың қайда соғысып, қайда қаза тапқаны және қайда жерленгені анықталыпты, олардың хабар-деректері артында қалған ұрпақтары мен туыстарына жеткізілген.

«Сонымен қатар 19 отандасымыздың сүйегін әскери ұшақпен елге әкеліп, әскери құрметпен жерледік. Биыл қаңтарда Қызылорда, Жамбыл және Атырау облысына 3 майдангердің сүйегін апардық. Кейбірінің артында ұрпақ та қалмаған. Былтыр 22 маусымда (соғыс басталған күн) елдегі барлық мешіттер пен шіркеулерде бір мезгілде құран оқылып, дұға жасалса деген бастама көтерген едік. Бастама қызу қолдау тауып, жүзеге асырдық. Енді оны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақпыз. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Еуропа елдеріне аттанған қаншама боздақтар бар, соларды тауып, бір ретке келтірсек деген ниеттеміз. Қазір қолымызда 20 мың адамның тізімі бар, қазір солардың ұрпағын, ағайын-туыстарын іздестіріп жатырмыз. Мақсат — соғысқа аттанған ата-бабасы туралы хабарды ұрпағына жеткізу. Іздеу жұмыстарында еріктілердің үлесі зор. Соғыстың алғашқы жылдары адам қазасы көп болды, одан қалды қаншама адам тұтқынға түсті. Тағы бір жайт, кейбір жауынгерлердің сауаты болмаған, яғни еліне аман-есендігі туралы хат-хабар да жаза алмаған», — деді қоғамдық бірлестік өкілі.

Соғысқа аттанған қазақстандықтарды іздеу жұмыстары үш бағытта жүріп жатыр. Бірінші, архивтермен жұмыс, екінші, майдан даласындағы қазба жұмыстары және үшінші әскери патриоттық іс-шаралар өткізу. Бірлестік 50-ден астам ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Оның ішінде ТМД мен Еуропа елдерінің қоғамдық ұйымдары бар.

«Өскелең ұрпақ өткенін біліп өсу керек, осы орайда елорданың колледждерімен меморандумға қол қойдық. Соның негізінде колледж студенттеріне апта сайын «Ерлік» сабағын өткіземіз. Сондай-ақ, бұған дейін айтқанымдай 20 мың жерлесіміздің тізімі бар, сол бойынша Еуропа елдерінен отандастарымыз туралы мәліметтерді іздеп жатырмыз. Мысалы, Норвегия, Польша, Германиядан жерлестеріміздің деректері табылуда. Италияда, тіпті Англияда 6 қазақ жатыр. Сол сияқты былтыр Голландияның біз секілді ұйымымен меморандумға қол қойдық, сол жердегі концлагерьде кезінде 101 адам тұтқында болған екен. Әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған, ішінде өзбек-қазағы аралас. Қоғамдық ұйым іздестіре келе Алматы облысынан бір тұтқынның ұрпағын тауып алды», — дейді Ә. Смайылов.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close