Жаңалықтар

Парыз, инвестиция мен үміт Кодексі. Еліміз жарқын болашақ үшін соңына дейін күреседі

 

Президент инвестиция тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға арналған арнайы жарлық қабылдады. Енді бізге ақша, технология әкеліп, жұмыс орнын ашамын деген инвесторға барлық есік ашық.

Бизнесті тіркеу мен лицензия алу барынша оңай болады. Инвестицияны қорғау бойынша гарантия беріледі. Салық шығыстары бойынша жеңілдіктер болады. Мысалы, инвестор шикізат пен жабдық алған обороттағы сомаға салық салынбайды. Ал инвестор күн, жел энергиясына ақша салғысы келсе, оған қосымша арнайы жеңілдіктер беріледі.

Еліміз мұндай жобаларға өз бюджетін сала алмайды. Сондықтан инвестиция тарту үшін Дүниежүзілік банк, Еуропалық Қайта Құру және Даму банкі, Азия-Тынық мұхиты даму банкі және басқалары сияқты халықаралық ұйымдармен белсене дос болмақ.

Басты үміт – жаңа Салық кодексінде. Енді салық органдары сервистік моделіге көшеді. Бизнестің салықтық есебін (формалар) 30 пайызға азайту жоспарланып отыр. Салықтық төлемдер саны кем дегенде 20 пайызға оңтайландырылады. Көлік құралдарына арналған салық бойынша есеп айырысу мен декларация, сондай-ақ жер мен мүлік салығына қатысты жүктеме бір миллион теңгеден аз болса, есеп айырысу алынып тасталады. Кәсіпкерлердің банктердегі шоттарын бұғаттау кезінде олардың салықтық қарызына тең көлемдегі қаржысына ғана шектеу қойылады. 

Жаңа Салық кодексін жасауға мемлекет бизнес өкілдерін тартты. Олар бізге идеалды Кодекс ұсынып отыр. Әсіресе есеп-шотты бұғаттауға қатысты реформа керемет. Бизнес енді бас көтеріп, дамып, көп ақша табудан, рейдерлерден қорықпайтын болады.

Президенттің тапсырмасымен бизнесті негізсіз тексеру тоқтатылды. Кәсіпкерлік саласындағы тіркелген қылмыстар саны екі есе азайды (837-ден 402-ге дейін).  Сонымен қатар, инвестициялық жобаларда прокуратура органдарының сервистік қадағалауына баса мән беріледі. Инвесторларға керек ресми құжаттарды алу ісі жеңілдетілді. Яғни, инвестициялық жобаларды «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізілмек.

Қазақстан – инвестициялық рейтингі (ВВВ) бар ЕАЭС-тегі жалғыз мемлекет. Соңғы жарлық инвесторлардың бізге ауып жүрген көңілін одан сайын еліктірмек. Бізді құтқаратын – тек қана инвестиция екенін көзі қарақты оқырман да, ел билігі де жақсы түсінеді. Сондықтан құтқарушы сәулеге соңғы күшіміз қалғанша дейін еңбектей береміз. Басқа амал жоқ.

Айбар Олжай, қаржыгер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close