Жаңалықтар

«Перзентханада 4-5 күн емізіп, ақ сүтін берген ананы таптық». Жәнібекті сатып жіберген адамның кім екені белгілі болды

 

«Перзентханада 4-5 күн емізіп, ақ сүтін берген ананы таптық». Жәнібекті сатып жіберген адамның кім екені белгілі болды
Анасын іздеп жүрген қазақ баласы Жәнібек. Сурет «1001 түн» бағдарламасының скриншоты
Қымбат Досжан Жәнібекті бельгиялық азаматшаға сатып жіберген адамды қазір полиция тергеп жатқанын мәлім етті
«Қазақстан» ұлттық телеарнасының «1001 түн» бағдарламасына қонаққа келген журналист Қымбат Досжан мен Испанияда тұратын қазақ баласы Жани Савельев оның анасын іздеуге қатысты тың деректерді айтты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Қымбат Досжан «үлкен бір ұжым Жәнібектің анасын әлі таба алмай жатыр» деген сынға қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, Жәнібектің анасын іздеген шағын ғана радиоұжым бір аптаның ішінде үлкен жұмыстарды атқарған.

«Жәнібек 2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстанға аяғын басқаннан бастап, ең алғаш «анамды іздеймін» деп видео жариялағаннан бастап Қазақстанның тең жартысы қоса жылады, қоса іздеді. Дәл қазір «аядай ғана Арқалықтан неге таба алмай жатырсыңдар» деген сұрақтар көбейіп жатыр. Ал, желтоқсан айында қандай жұмыс істегенімізді айтсақ, біз бір аптаның ішінде осы Жәнібекті туғаннан кейін төрт-бес күн бойы перзентханада жатып, емізіп, ақ сүтін берген ананы таптық. Бас аяғы бір аптаның ішінде таптық», — дейді Қымбат Досжан.

Бірақ, Қымбат Досжан ол адамның қолхаты бар болса да, сараптама жасалса да, ДНҚ сараптамасы «нөл» болғанын айтады.

«Болжамды ана құжат бойынша сол әйел, сол әйелдің есімімен екінші баласын дүниеге әкелген ананы таптық. Екі бірдей тапсырған анализ нөл болып шықты. Жазып кеткен қолхатына дейін таптық. Оның «үйіме барып, шаруалырымды бітіріп, түнгі сағат он шамасында қайтып келемін» деп жазып кеткен хатын да таптық», — дейді ол.

Бұл ретте Қымбат Досжан Испаниядан өзінің туған анасын іздеп келген Жәнібекті кезінде шетел асырып жібергендердің ісіне қынжылып, олар өте көп ақша алғанын айтып берді.

«Мен өткен сұхбатымда да айттым. Әйел адам (сатқан әйел адам – ред.) Жәнібек үшін деп бельгиялық азаматшадан өте үлкен мөлшерде, мыңдаған еуро көлемінде ақша алған. Келісіммен, кәдімгідей қолынан санап тұрып алған. Оның әйел екенін, сол кезде жас келіншек болғанын, отбасы барын, қазір жасы нешеде және қай жерде жұмыс істейтінін, бәрін білемін. Қазір полиция ол кісімен де айналысып жатыр. Біз ана дейміз-дағы, оларға сөз арнаймыз. Ал баламыздың шетел асуына, заңсыз түрде кетуіне тағы да аналардың себепші болып отыр», — деп қынжылды тележүргізуші.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың соңында әлеуметтік желіге бейнеүндеу жариялаған Жани Савельев есімді жігіт өзінің қазақ екенін, Арқалықта дүниеге келгенін және қазір туған анасын іздеп жүргенін мәлім еткен еді.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close